Толқын Тұрарбекқызы қызы Кәусардың алдағы диспорт екпесі туралы айтты
Төреғали Төреәлінің жұбайы Толқын Тұрарбекқызы қызы Кәусардың оңалту барысы мен төрт айдан кейін жасалатын диспорт екпесі туралы әлеуметтік желіде жазба жариялады.
Фото: Инстаграм
Танымал әнші Төреғали Төреәлінің жұбайы Толқын Тұрарбекқызы әлеуметтік желідегі парақшасында үлкен қызы Кәусардың денсаулығы мен оңалту жұмыстары туралы жазба жариялады.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Ол қызының ем қабылдау барысы мен алдағы жоспарлары жайлы айтып, ана ретінде басынан өткеріп жатқан қиындықтарын да жасырмады. Толқынның айтуынша, қазіргі уақытта Кәусардың оңалту жаттығуларының кестесі едәуір күшейтілген.
Анасы қызының кейде шаршайтынын айтқанымен, алға қойған мақсатқа жету үшін емді жалғастыру қажеттігін түсіндіретінін жеткізді.
«Кәусарым шаршағанын айтады. Бірақ бұл тоқтайтын жер емес деп қамшылаймын. Айтуын айтып алып, іштей қиналатыным бар. Мақсатқа жету жолы оңай болмайды… Бірге күйіп, пісіп өртеніп, жанып кететіндей-ақ жол. Ішіңде жалындап тұрған нық сенім мен үмітің болмаса, шайнап жұтып дымыңды қалдырмайтын жол. Себебі ана балаға келгенде өте әлсіз. Ал оның қиналғанын көру, сезу, бірге өткеру тіптен ауыр», – деп жазды ол.
Сондай-ақ Толқын Тұрарбекқызы төрт айдан кейін қызына кезекті күрделі ем-шара – диспорт екпесі жасалатынын хабарлады. Оның сөзінше, процедура алдында Кәусардың көңіліне демеу беріп, жігерлендіруге тырысады.
«Біз екеуміз қай соғыстан бері келе жатырмыз деймін. Небір операцияларды өткердік. Енді қандай қару бар, барлығын сайлап, уколдарымызды да салдыртайық деймін. Сен деген қайтпас қызсың ғой қайсар. Жеңілмейік деп қоям… Біздің әңгімелердің сарыны ғой, мен елжіресем, қызым қоса елжірейтінін біліп тауып айтқаным ғой», – деп бөлісті әншінің жұбайы.
