Қызылордада әскери қызметкерлер мінген көлік жол апатына түсті: Қаза тапқандар бар

Қызылорда облысында әскери қызметкерлер мінген қызметтік көлік жол апатына түсті. Қайғылы оқиға 2 ақпан күні шамамен сағат 13:45-те Сырдария ауданына қарасты Шаған ауылының маңындағы Қарабұтақ–Қызылорда–Шымкент тасжолында болған. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.

Алдын ала мәліметке сәйкес, Тереңөзек кентінен Ақжарма ауылына қарай бет алған Audi 80 жеңіл көлігі қарсы бағытта келе жатқан Шекара қызметі департаментіне тиесілі «Урал» жүк көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Қызметтік көлікте жүргізушіні қоса алғанда 23 әскери қызметкер болған.

Соқтығыс салдарынан жеңіл көлік өртке оранып, 20 жастағы жүргізуші оқиға орнында көз жұмды. Әскери қызметкерлер отырған жүк көлігі де айтарлықтай зақым алған.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігімен («Кісі өліміне әкеліп соққан жол қозғалысы қағидаларын бұзу») қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы анықталуда.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика