Спортшылар Шымкент, Алматы, Ақтөбеде дауыс берді: кімдер сайлауға барды
Мәслихат депутаттарын сайлауға қатысқан спортшылар: Софья Берульцева, Дамир Тоқтаров, Айбек Капин және басқалар Шымкент, Алматы, Ақтөбеде дауыс берді.
Сурет: tizgin.kz
Мәслихат депутаттарын сайлауға қатысушылар арасында белгілі қазақстандық спортшылар көп. Олардың қатарында әлі де белсенді өнер көрсетіп жүргендер де, жаңа буынды дайындап жүргендер де бар. Елдегі спорт клубтарының ойыншылары да дауыс беруге белсенді қатысуда.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Каратэден Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Азия ойындарының екі дүркін чемпионы Софья Берульцева Шымкенттегі №6 сайлау учаскесінде дауыс берді. Ол жергілікті өкілді органдардың жұмысының маңыздылығын және тұрғындардың мәслихат депутаттарын сайлауға қатысуының қажеттігін атап өтті.
«Мәслихат депутаттары жергілікті жерде өзекті мәселелерді көтеріп, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді. Сондықтан тұрғындардың сайлау науқанына белсенді қатысуы маңызды», – деді Олимпиада ойындарының жүлдегері.
Алматыда Азия ойындарының жартасқа өрмелеуден жүлдегері Дамир Тоқтаров дауыс беруге қатысты. Ол қаланың Бостандық ауданындағы №230 сайлау учаскесіне барды.
«Алматы – мен жаттығатын және жарыстарға аттанатын қалам. Мұнда балалар мен жастардың спортпен айналысуға, өзіне ұнайтын спорт түрін табуға мүмкіндіктері көбірек болғанын қалаймын. Депутаттар тұрғындардың пікіріне құлақ түріп, осындай мәселелерге назар аударады деп сенемін. Сондықтан бүгін дауыс беруге келдім», – деді спортшы.
Бүгін дауыс бергендердің қатарында 2026 жылғы Азия ойындарының жеңіл атлетикадан күміс жүлдегері Аделина Земс, жазғы Азия ойындары тарихындағы ММА-дан тұңғыш чемпион Еркінғали Бүркіталин, армрестлингтен әлем чемпионы Екатерина Шевченко бар. Жүзуден Азия чемпионы Мейіржан Қадирали да сайлауға қатысқанын Instagram парақшасында хабарлады.
Ақтөбеде №556 сайлау учаскесінде қазақ күресінен әлем чемпионы Бақтыбай Кисиков дауыс берді. Белгілі балуан сайланған депутаттар тұрғындар мүддесі үшін жүйелі жұмыс жүргізеді деп үміттенетінін білдірді. Спортшы ауылдық жерлерде ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше назар аударды, онда балалар қазақ күресіне үлкен қызығушылық танытады.
Ақтөбедегі №583 сайлау учаскесінде қазақстандық параспортшы, спорт шебері Айбек Капин өз дауысын берді. Ол коляскадағы теннистен Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері, параүстел теннисінен республикалық жарыстардың қатысушысы әрі жүлдегері.
«Әр адам өзінің азаматтық ұстанымын білдіріп, сайлауға қатысуы керек. Сайлау ашық әрі әділ өтеді деп сенемін. Оның нәтижелері өңіріміз бен оның тұрғындарының өміріндегі оң өзгерістерге негіз болады деп үміттенемін», – деді Айбек Капин.
Сайлауға спорт федерацияларының өкілдері, бүгінде қазақстандық спортшылардың жаңа буынын дайындап жүрген клуб басшылары да қатысуда.
Олардың қатарында халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы капитаны, 2018 жылғы Азияның үздік ойыншысы, ел чемпионы, Қазақстан Кубогы мен Суперкубогының иегері Айбат Неталин бар. Бүгінде ол «Ақтөбе» волейбол клубын басқарады.
«Қазақстан – үлкен мүмкіндіктер елі. Бүгін әр адам өз дауысымен туған өлкенің дамуын қолдап, жаңа таланттардың өсуіне көмектесу үшін сайлауға келеді», – деді №554 сайлау учаскесінде дауыс берген Айбат Неталин.
Оның айтуынша, Ақтөбе облысында волейбол белсенді дамып келеді, бұл спорт түріне қызығатын балалар саны артып, жергілікті командалардың нәтижелері жақсаруда.
Елдің бірқатар өңірлерінде спортшылар сайлау учаскелеріне толық командамен келуде. «Ұлытау» волейбол клубының, Павлодардың «Ертіс» футбол клубының және Шығыс Қазақстан облысының «Торпедо» хоккей командасының ойыншылары бірге дауыс берді.
