Ақсудағы төрт үйдің тұрғындары 4 жылдан бері кәріз иісіне тұншығып отыр
Ақсу қаласындағы төрт көпқабатты үйдің тұрғындары 4 жылдан бері кәріз иісі мен жертөледегі суға шағымданып келеді. Әкімдік жаңа жоба жасауды жоспарлап отыр.
Сурет: Видеодан скриншот
Павлодар облысының Ақсу қаласында көпқабатты төрт үйдің тұрғындары кәріз иісіне тұншығып отыр. Жертөлелер кәріз суына толып, жағымсыз иіс қолқаны қабады. Тұрғындар бұл мәселені 4 жыл бойы айтып келе жатқанымен, шешілер түрі жоқ.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Бұл баспанаға 4 жыл бұрын тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар, мүгедек және жетім балалар қоныстанған. Бастапқыда бәрі жақсы болғанымен, уақыт өте келе кәріз жүйесі сыр беріпті.
«3 ай ма, 4 ай ма жақсы тұрдық. Содан бастап подвал вообще су. Жаз болғанда тіпті ана әйнектерді аша алмайсыз. Балкондар жабық тұрады. Иіс қоңсы деген вообще. Крыса деген толып кетті», — дейді Ақсу қаласының тұрғыны Қарақат Сағидоллаұлы (ред.- тұрғынның сөзі өзгеріссіз берілді).
Тұрғындардың сөзінше, үйдің кәріз құбыры орталық құдыққа қосылмаған. Жиналған арам суды насос арқылы құдыққа құяды. Кейде насос істен шығып, тұрып қалатын кез көп. Сол себепті жиналған кәріз суы жертөлеге жайылған.
«Бізге бұрынғы әкімдер кәріз жүйесін орталық коллекторға қосамыз деген. Алайда, екі апта өткен соң болмайды — деп берген уәделерін орындамады. Жертөле үнемі суға толып тұрады. Қыс болсын, жаз болсын су кетпейді. Соның кесірінен подъезд сасып тұр», — дейді Мария Пирогова.
Тұрғындар иістен бөлек, үйдің сапасыздығына да шағымданды. Айтуларынша, соңғы қабаттағы пәтерлердің төбесінен су ағады.
«Менің 6 балам бар. Көпбалалы анамын. Жыл сайын осы мәселе бойынша шағым жасаймын. Бесінші қабатта тұрамын. Пәтердің төбесінен су ағады. Қаншама рет жөндеу жасадық. Бәрібір ештеңе өзгермеді. Жаңбыр жауса болды су ағады», — дейді Альмира Айтмұқанова.
Ал үйге қызмет көрсетуші мекеме тұрғындардың өзін кінәлайды. Сөзінше, халық кәріз желісіне түрлі тыйым салынған заттар тастайды. Сол себепті насос жиі бітеліп қалады дейді. Ал кәріз құбырын орталық құдыққа тура қосуға қашықтық кедергі болғанын жеткізді.
«Прямой қоспаған себебі мына жерде канализационный коллекторлар алыс қашықтықта тұр. Оның уровені жарамады олардың уровеньі келмеді. Сондықтан оған КНС қойды. Осы 4 үйге КНС қойды. Басқа проект жасау керек. Оны келесі жылға әкімшілік бағдарламаға қойған», — дейді «Ақсу су» арнасының директоры Құмар Ибраев (ред.- спикердің өзі өзгеріссіз берілді).
Қала әкімдігі 4 үйді жеке кәріз желісіне қоспақ. Ол үшін жаңадан жоба жасап, бюджет мақұлдауын күтпек. Ал қаражаттың қашан бөлінері әзірге белгісіз. Белгілісі тұрғын үйдің кәріз желісі әу баста дұрыс жасалынбаған.
