Фатима Сұпығалиева Дакардағы жасөспірімдер Олимпиадасында алтын алды
Қазақстандық дзюдошы Фатима Сұпығалиева Дакардағы IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында 52 келіге дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алды.
Сурет: ҰОК
Сенегал астанасы Дакарда өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында қазақстандық дзюдошы Фатима Сұпығалиева алтын медаль жеңіп алды. Ол финалда португалиялық қарсыласын мерзімінен бұрын ұтып, Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы алтын жүлдені салды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
2 қарашада өткен шешуші белдесуде 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Фатима Сұпығалиева Португалия өкілі София Гаспармен кездесті. Қазақстандық спортшы финалдық белдесуді сенімді өткізіп, қарсыласын иппон әдісімен жеңді. Алтын медаль тағдыры небәрі 2 минут 33 секундта шешілді.
Қазақстандық дзюдошы Олимпиададағы алғашқы белдесуінде Коста-Рика өкілі Химена Моралес Гамбоаны иппон әдісімен жеңген болатын. Ал жартылай финалда Словакия спортшысы Вивьен Вадовицовамен кездесіп, оны да мерзімінен бұрын ұтты. Шешуші белдесуде португалиялық София Гаспарды жеңген Сұпығалиева Олимпиада алтынын иеленді.
