Кентауда 1,5 млрд теңгеге металл құрылымдар зауыты іске қосылды
Түркістан облысы Кентау қаласында «АйдарСтройГрупп» ЖШС 1,5 млрд теңге инвестиция салған металл құрылымдар зауыты ашылды. Зауыт жылына 100 дана өнім шығарады, 30 жұмыс орны құрылды.
Сурет: ernur.kz
Түркістан облысы Кентау қаласының индустриялық аймағында өнеркәсіптік металл құрылымдары мен металл бұйымдарын шығаратын жаңа зауыт ашылды. Жобаға «АйдарСтройГрупп» ЖШС 1,5 млрд теңге инвестиция тартқан.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, көпшілікті құттықтады. «Республика күні – еліміздің егемендігін айшықтап, тәуелсіздігімізді нығайтатын маңызды мереке. Осы мерейлі мереке қарсаңында өнеркәсіптік металл құрылымдары мен металл бұйымдарын өндіретін жаңа кәсіпорынның ашылуына куә болып отырмыз. Бұл – Түркістан облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, өңір экономикасына тың серпін беретін маңызды жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев аймақтарда отандық өндірісті өркендетуге, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және тұрақты жұмыс орындарын құруға айрықша мән беріп келеді. Осы бағыттағы жұмыстар өңірімізде жүйелі түрде жалғасадыт», – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Жаңа кәсіпорында 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Зауыт жылына 100 дана өнім шығаруға қауқарлы. Жобаны жүзеге асыру үшін Кентау қаласының индустриялық аймағынан «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 1,5 гектар жер учаскесі бөлінген. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, негізгі технологиялық жабдықтар орнатылған.
Кәсіпорынды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге де көңіл бөлінген: өндіріс орнына электр желісі тартылып, трансформатор қойылған, табиғи газға қосылу жұмыстары атқарылған.
Салтанатты рәсімде облыс әкімі кәсіпорынның жұмысымен танысып, өндірістік үдерісті көрді. Жаңа зауыт Кентау қаласының өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып, өңірде отандық өндірісті дамытуға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға үлес қосады.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Кентаудағы индустриялық аймақты аралап, жауапты тұлғаларға өндіріс орындарын ашу жұмысын күшейтуді тапсырды. Өңірде жаңа өндіріс орындарын іске қосу жалғасады.
