Ақтөбеде тіс емдеуден кейін зардап шеккен әйел клиникаға шағымданды
Ақтөбеде 37 жастағы әйел тіс емдеуден кейін ауруханаға түсіп, клиникаға шағымданды. Тексеру заңбұзушылықтарды анықтап, дәрігерге айыппұл салынды.
Фото: скриншот видео
Ақтөбеде 37 жастағы Гүлжанат Құлмырзинаның шағымынан кейін жекеменшік стоматологиялық клиникада тексеру жүргізіліп, заңбұзушылықтар анықталды. Әйел тіс емдеуден кейін ауруханаға түсіп, енді бірнеше ота жасатуға мәжбүр болғанын айтады.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Облыстық Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің мәліметінше, науқасқа орта медициналық білімі бар тіс дәрігері көмек көрсеткен. Алайда ведомство түсіндіргендей, бұл жағдайда емдеуді жоғары медициналық білімі бар маман жүргізуі тиіс еді. Тексеру қорытындысы бойынша тіс дәрігеріне айыппұл салынып, клиникаға оны жұмыстан шеттету туралы нұсқама берілді.
Құлмырзина жоспарланған ЭКО процедурасының алдында стоматологияға қаралғанын айтты. Ол жүктілікке дайындалмас бұрын тістерін емдетпек болған. Әйелдің сөзінше, тістерін емдеу және жұлу кезінде химиялық күйік алып, көпбейінді ауруханаға түскен. Науқас бірнеше тісінен айырылып, жүйкелері зақымдалып, бетінде асимметрия пайда болғанын мәлімдейді. Енді оған оталар жасалады.
Әйел клиникаға талап-арыз берген. Оның айтуынша, жауапкер тарапы бітімгершілік рәсіміне келмеген және кешірім сұрамаған.
«Я вообще в дальнейшем планировала беременность на ЭКО. На ЭКО я не смогу теперь ходить. Я не смогу иметь детей», — деді Құлмырзина.
Алайда сюжетте стоматологиялық емдеудің салдары әйелдің жүкті болу мүмкіндігінен айырғанын растайтын медициналық қорытынды келтірілмеген. Клиниканың ұстанымы да берілмеген.
Бұған дейін Ақтауда Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының хирургі ұсталғаны хабарланған. Полицияның мәліметінше, ол кәсіби міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін күдікке ілінген.
