Ақтөбеде салынып жатқан көпір опырылып қалды
Фото: видеодан скрин
Ақтөбе облысында Жем өзені арқылы өтетін көпірді жөндеу кезінде темір конструкциялардың бірі жерге құлаған сәт видеоға түсіп қалды.
Кадрдан құрылыс алаңындағы ірі конструкцияның опырылып түскенін көруге болады. Нысандағы күрделі жөндеуді «СЕРВИС НС» ЖШС жүргізіп жатыр — бұл деректі Ақтөбе облысы әкімдігінің ресми ақпараты да растайды. Жем арқылы өтетін көпір республикалық маңызы бар А-26 «Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз» тасжолында орналасқан, ұзындығы 132,4 метр. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратта құрылыс жұмыстары кезінде талаптардың бұзылғаны айтылған, алайда оқиғаның нақты себебі мен нысанның қауіпсіздігіне қатысты ресми қорытынды әзірге көрсетілмеген. Енді құлаған конструкцияның себебі мен құрылыс нормаларының сақталуына уәкілетті органдар нақты баға беруі тиіс.
Видео: @kazakhstan_press
