Негізгі мазмұнға өту
Сенбі, 19 қыркүйек 2026 $ 445,4 511,8 5,27
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • Шонжыда төбелес кезінде 23 жастағы жігіт ажал құшты, екі күдікті ұсталды

    Алматы облысы Шонжы ауылында төбелес кезінде 23 жастағы жігіт қаза тапты. Қанды қылмысқа күдікті екі адам қамауға алынды, тергеу жүріп жатыр.

    Шонжыда төбелес кезінде 23 жастағы жігіт ажал құшты, екі күдікті ұсталды

    Сурет: turkystan.kz

    Алматы облысы Шонжы ауылында төбелес кезінде 23 жастағы жігіт қаза тапты. Қанды қылмысқа күдікті ретінде екі адам қамауға алынды. Қара жамылған отбасы тергеудің әділ жүруін талап етіп отыр.

    Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

    Қайғылы жағдай екі ай бұрын болған. Шонжы ауылындағы дәмханалардың бірінде ауылдастар ерегесіп, артынша төбелескен көрінеді.

    Марқұм Алмастың оң жақ кеуде тұсына бытыра мылтығының 14 оғы тиген, дейді туыстары.

    Сламжановтар отбасы екі ай бұрын қапыда ұлынан айырылған. Зар жылаған ана мен көз жасын көрсеткісі келмеген әке тұңғышын сағынышпен еске алады. Жақындары жалындаған жастық шағында «баламыздың кісі қолынан қаза тапқаны жанымызға қатты батады» дейді. Марқұм Алмастың артында екі қызы мен жұбайы қалды.

    «Енді қызығын көреміз бе дегенде кісі қолынан қаза тауып отыр. Артында кішкентай балапаны — екі қызы қалды. Балам сондай ақкөңіл еді, ешкімнің көңілін қалдырмайтын. Бір «жоқ» деп айтпайтын еді», — дейді марқұмның анасы Баян Саниязова.

    Алмас спортқа бейім еді, дейді жақындары. Тіпті қазақ күресінен спорт шебері атағына үміткер болыпты. Марқұм соңғы уақытта ауылындағы құс фабрикасында жұмыс істеген екен. Оқиға болар күні де үйінен «жұмысқа кеттім» деп шығыпты. Ал түнде жақындарына қаралы хабар жеткен.

    «Равиль дегенмен, Мутаев деген екеуі төбелесіп кетіпті. Сол кезде менің балам ұрып жібереді. Ана барған бала ажыратса, артында мылтықпен тұр дейді. «Еркексің бе, анау мылтығыңды таста» деген. Сол кезде басып жіберген ғой. Оқ оң жақ қолтығының астына кірген. 14 бытыра екен. Тақалып атқан ғой», — дейді марқұмның әкесі Бейсенбек Рахимов.

    Қанды қылмыс Шонжы ауылындағы орталық көшеде орналасқан дәмхананың алдында болған. Түнгі бір жарым шамасында кафеден шыққан тұтынушы мен Алмас ерегесіп, артынша төбелескен көрінеді. Содан кейін 33 жастағы азамат тұрақта тұрған көлігінен бытыра мылтығын алып шығып, Алмастың оң жақ кеуде тұсынан атыпты. Жараланған жігіт ауруханаға бара жатқан жолда жан тапсырған.

    Қазір күдікті ретінде екі адам қамауға алынған. Олардың қолында мылтықтың қайдан пайда болғаны алдағы уақытта анықталмақ. Ол үшін тиісті сараптамалар тағайындалды, дейді Облыстық полиция департаменті.

    «Алдын ала мәлімет бойынша, дүкендердің бірінде бір-бірімен таныс жәбірленуші мен күдікті арасында сөзге келіспеушілік туындап, кейін жанжал төбелеске ұласқан. Жанжал барысында күдікті атыс қаруынан оқ атқан. Қылмыс құралы тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына қоса тіркелді. Сонымен қатар атыс қаруының шығу тегі, оны заңсыз сатып алу және сақтау фактілерінің болуы тексерілуде. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру полиция басшылығының ерекше бақылауында», — дейді Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайділдин.

    23 жастағы жігіт қыршыннан қиылған бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған. Алмас Сламжановты атқан адамның кінәсі дәлелденсе, ол 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →