Еркебұлан Тоқтар гонорарын жариялады: бір жекпе-жек 40-50 млн теңге
Қазақстандық боксшы Еркебұлан Тоқтар бір жекпе-жектен орта есеппен 40-50 млн теңге табатынын айтты. Ол сондай-ақ промоутер Зия Алиевтің инвестицияның ақталғанын айтқанын жеткізді.
Сурет: Әлеуметтік желіден
Қазақстандық боксшы әрі поп-ММА жұлдызы Еркебұлан Тоқтар өз гонорарының көлемін айтып берді. Оның сөзінше, бір кездесуден түсетін табысы орта есеппен 40–50 миллион теңгені құрайды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Спортшы әдетте үш айда бір рет жекпе-жек өткізетінін және әр кездесуден кейін демалысқа шығатынын жеткізді.
«Үш айда бір рет өнер көрсетемін. Жекпе-жектен кейін міндетті түрде бір жаққа демалуға ұшып кетемін. Орта есеппен 40–50 миллион теңге аламын. Саудаласамын. Өзімді осылай бағалаймын», – деді Тоқтар.
Ол сондай-ақ All Star Boxing промоутерлік компаниясының иесі, бұған дейін Данияр Елеусіновпен жұмыс істеген Зия Алиевпен әңгімесі туралы да айтты. Тоқтардың сөзінше, промоутер оған салынған инвестицияның ақталғанын жеткізген.
«Зия Алиев бізге келіп, маған салынған ақшаның бәрін ақтағаным үшін алғыс айтты. Жалпы, ешкім шағымданып жүрген жоқ», – деді спортшы.
