Негізгі мазмұнға өту
Жексенбі, 18 қазан 2026 $ 452,3↓€ 508,4↓₽ 5,48↑
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ
    Нұрасыл Медеу Қазақ ұлттық спорт университетін мемлекетке сыйға тартты • Сайтқа Kaspi төлемін қалай қосады • Алматыда ер адам интим қызмет көрсететін бойжеткеннен шабуыл көрдім деп шағымданды • 200-ден астам қазақстандық мемлекеттік жәрдемақыдан өз еркімен бас тартты • Астана мен Алматыдағы ақша айырбастау пункттеріндегі валюта бағамы • Қазақ ұлттық спорт университетінің негізін қалаушы оқу орнын мемлекетке сыйлауға шешім қабылдады • Нұрасыл Медеу Қазақ ұлттық спорт университетін мемлекетке сыйға тартты • Сайтқа Kaspi төлемін қалай қосады • Алматыда ер адам интим қызмет көрсететін бойжеткеннен шабуыл көрдім деп шағымданды • 200-ден астам қазақстандық мемлекеттік жәрдемақыдан өз еркімен бас тартты • Астана мен Алматыдағы ақша айырбастау пункттеріндегі валюта бағамы • Қазақ ұлттық спорт университетінің негізін қалаушы оқу орнын мемлекетке сыйлауға шешім қабылдады •

    Нұрасыл Медеу Қазақ ұлттық спорт университетін мемлекетке сыйға тартты

    Нұрасыл Медеу Қазақ ұлттық спорт университетін мемлекетке өтеусіз табыстады. Бес жылда 150 студенттен бес мыңға дейін өскен оқу орны ел игілігіне берілді.

    Нұрасыл Медеу Қазақ ұлттық спорт университетін мемлекетке сыйға тартты

    Фото: KNUS

    Қазақ ұлттық спорт университетінің негізін қалаушы Нұрасыл Медеу оқу орнын мемлекетке өтеусіз табыстау туралы шешім қабылдады. Бұл қадам бес жыл бойы қалыптасып, дамыған білім беру мекемесін ел игілігіне беруге бағытталған әрі меценаттықтың ерекше үлгісі ретінде бағалануда.

    Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

    2021 жылы небәрі 150 студенті бар Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы ретінде құрылған университет бүгінде бес мыңға жуық студент білім алатын оқу-ғылыми кешенге айналды. Осы уақыт ішінде оқу орны халықаралық серіктестіктер орнатып, спорт ғылымын дамытуға бағытталған зертханалар мен орталықтар ашты, қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске қосты.

    Университеттің негізін қалаушы Нұрасыл Медеу бес жыл бұрын әлемдік деңгейдегі спорт университетін құруды мақсат еткенін айтты. Оның идеясы жастарға сапалы білім беріп қана қоймай, олардың спортта және ғылымда жетістікке жетуіне мүмкіндік жасайтын жүйе қалыптастыруға бағытталды. Бүгінде сол бастаманың нәтижесі мемлекетке өтеусіз табысталып отыр. Бұл – бір реттік қаржылай көмектен әлдеқайда ауқымды қадам. Өйткені меценат өз қаражаты мен уақытын жұмсап, толыққанды білім беру мекемесін қалыптастырып, оның болашағын ел игілігімен байланыстыруды таңдады.

    Университетті мемлекетке өтеусіз табыстау туралы шешімін ресми түрде жариялаған Нұрасыл Медеу бұл қадамның мәнін түсіндірді. Оның айтуынша, оқу орнын мемлекетке беру туралы шешім кейіннен қабылданбаған, мұндай ниет университет құрылған сәттен бастап көзделген.

    «Кез келген алыпқашпа әңгімеге нүкте қойғым келеді. Бұл – сату да емес, сенімгерлік басқаруға беру де емес, мәжбүрлі түрде жасалған қадам да емес. Бұл – туған еліме жасалған өтеусіз сый», – деді Қазақ ұлттық спорт университетінің негізін қалаушы.

    Университет бес жыл ішінде халықаралық спорт ұйымдарымен ынтымақтастық орнатып, Халықаралық Олимпиада комитетімен бірлескен Олимпиадалық зерттеулер, білім беру және мұра орталығын ашты. Сонымен қатар допингке қарсы білім беру, киберспорт, спорт журналистикасы және құтқару спорты бағыттарында жобаларды жүзеге асырды. Университет талантты жастарды қолдауға да басымдық береді. Құрылтайшы тағайындаған гранттар оқу ақысын өтеу, шәкіртақы, жатақхана және шетелде білім алу мүмкіндіктерін қамтиды. Нұрасыл Медеу студенттер алдындағы барлық міндеттеме, соның ішінде бұрын тағайындалған гранттарды қаржыландыру да толық сақталатынын мәлімдеді.

    «Қазақстанның болашағына осындай үлес қосу мен үшін үлкен мәртебе. Біз құрғанның барлығы жастарға, отандық спортқа және елімізге қызмет етуі керек», – деді ол.

    Жеке құрылтайшының бес жыл ішінде қалыптастырған университетін мемлекетке өтеусіз табыстауы білім мен спортты дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді филантропияның үлгісі ретінде бағалануы мүмкін. Бұл шешімнің маңызы тек оқу орнының мемлекет меншігіне өтуімен шектелмейді. Ол – жастарға мүмкіндік беретін, спорт ғылымын дамытатын және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған инфрақұрылымды ел игілігіне беру. Осылайша, Нұрасыл Медеудің бастамасы жеке жобаның аясынан шығып, Қазақстанның спорттық білім беру жүйесін дамытуға бағытталған қадамға айналды.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →