«Күміс жас» жобасы: 9,2 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылды
«Күміс жас» бағдарламасы аясында 9,2 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылды. Жобаның тиімділігі, субсидия мөлшері және қатысушылардың жетістіктері.
Сурет: egemen.kz
Қазақстанда елу жастан асқан азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Күміс жас» бағдарламасы өз жалғасын табуда. Биылғы жылдың басынан бері бұл жобаға 9,2 мыңнан астам адам қатысты, бұл жоспардың 92 пайыздан астамының орындалғанын көрсетеді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Жоба аясында жұмысқа орналасқандар саны бойынша Түркістан, Қарағанды, Ақтөбе және Жамбыл облыстары көш бастап тұр. Қатысушылардың 54,4 пайызы – әйелдер, ал 63,2 пайызы – ауыл тұрғындары.
«Күміс жас» бағдарламасы 50 жастан асқан, жұмыс іздеп жүрген және Мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға арналған. Бағдарламаға қатысу мерзімі 36 айға дейін созылады. Қолдау тетігі аясында мемлекет жұмыс берушіге қызметкердің жалақысының бір бөлігін өтеуге көмектеседі. Ай сайынғы субсидия мөлшері 30 АЕК-тен аспайды.
Субсидия көлемі үш жыл ішінде біртіндеп өзгереді: бірінші жылы – жалақының 70 пайызы, екінші жылы – 65 пайызы, үшінші жылы – 60 пайызы. Бұл ретте жобаның маңызды талаптарының бірі – жұмыс беруші бағдарлама аяқталғаннан кейін қызметкерді тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етуге тиіс.
Зейнеталды жастағы қатысушыларға жоба аяқталған соң кемінде бір жыл тұрақты жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі. Ал 58 жастан асқан азаматтар зейнет жасына жеткенге дейін жұмысын жалғастыра алады.
Бұл бастаманың тиімділігін өңірлердегі нақты мысалдардан көруге болады. Абай облысының тұрғыны Қарлығаш Абылғазина «Күміс жас» бағдарламасына үш жыл қатысып, кәсіби білімі мен тәжірибесін көрсетті. Бүгінде ол «Тынышбаев» жеке кәсіпкерлігінде аспаз болып тұрақты жұмыс істейді.
«Жоба арқылы мен жұмыс тауып, тұрақты табысқа қол жеткіздім. Өзімді әлі де қажет әрі сұранысқа ие маман ретінде сезіндім. Елу жастан асқаннан кейін жақсы жұмыс табу оңай емес. Сондықтан «Күміс жас» мен үшін үлкен қолдау болды. Үш жыл ішінде өз мүмкіндігімді көрсетіп, қазір тұрақты жұмыс істеп жүргеніме қуаныштымын. Өз қатарластарыма айтарым жаңа мүмкіндіктерді пайдаланудан қорықпаңыздар. Бұл жаста да өмір жалғасады, кәсіби дамуға да мүмкіндік бар», деді Қарлығаш Абылғазина.
Қатысушылардың жетістігі жас ұлғайған сайын кәсіби мүмкіндіктердің азаймайтынын аңғартады. Көп жылғы тәжірибе мен қалыптасқан дағды жұмыс берушілер үшін құнды мамандарды таңдауға жол ашады. Аталған жоба үш тарапқа да тиімді. Қатысушылар тұрақты табыс тауып, кәсіби қызметін жалғастыруға мүмкіндік алады. Жұмыс берушілер тәжірибелі мамандарды жұмысқа тартады. Ал мемлекет еңбекке қабілетті азаматтардың тұрақты жұмыспен қамтылуына жағдай жасайды.
