Жәнібек Әлімханұлы WBO бойынша екінші орта салмақта міндетті үміткер атанды
Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы WBO бойынша екінші орта салмақта міндетті үміткер атанды. Ол Хамза Ширазбен титулдық жекпе-жек өткізуі тиіс.
Сурет: kznews.kz
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы WBO нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы атағына міндетті үміткер ретінде ресми танылды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Бүкіләлемдік бокс ұйымы бұл мәртебені қазақстандық боксшыға берді, ал даниялық Якоб Банктің дәл осындай талаппен берген өтініші қанағаттандырылмай қалды.
Шешуші факторлардың бірі — Жәнібектің бұған дейін орта салмақта WBO және IBF белбеулеріне ие болғаны, сондай-ақ оның әлем чемпионы атағын бірнеше рет сәтті қорғағаны.
WBO қағидаларына сәйкес, бұрын әлем чемпионы атанып, белбеуін қорғаған боксшы жаңа салмақ дәрежесіне ауысқанда артықшылыққа ие бола алады.
Енді Жәнібек Әлімханұлы екінші орта салмақтағы WBO чемпионы Хамза Ширазбен титулдық жекпе-жек өткізуі тиіс.
Ұйым екі тарапқа келіссөздерді бастауға 20 күн уақыт берді. Осы мерзім ішінде боксшылардың командалары жекпе-жектің шарттары бойынша ортақ мәмілеге келуі қажет.
Егер келісім жасалмаса, тамыз айының соңында чемпиондық айқасты өткізу құқығына промоутерлік сауда ұйымдастырылады.
