Шымкентте Қайрат Нұртастың концертіне қатысты қылмыстық іс қозғалды
Шымкентте Қайрат Нұртастың концертіне байланысты қауіпсіздік талаптарын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сурет: istockphoto
Шымкент қаласында өткен Қайрат Нұртастың концертіне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл жөнінде қалалық полиция департаменті хабарлады.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Полиция мәліметінше, концерт барысында қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
Ведомство өкілдері көрермендердің шамадан тыс көптігінен оқиға кезінде бір адамның зардап шеккенін жеткізді. Қазіргі уақытта бойжеткен медициналық мекемеде дәрігерлердің бақылауында.
Сонымен қатар концертті ұйымдастырушылар полиция бөлімшесіне жеткізілді. Қазір тергеу аясында оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Полиция ұйымдастырушылардың әрекетіне құқықтық баға берілетінін мәлімдеді. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
