«Түркияға табыс табуға кеткен»: Ақтөбелік жігіт Грекияда 125 жылға сотталып кетті
Фото: Ашық дереккөз
Ақтөбелік ана Нұрхан Қадырова Сыртқы істер министрлігінен екі жылға жуық уақыттан бері Грекия түрмесінде отырған ұлының ісіне араласуды сұрайды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Анасының айтуынша, 24 жастағы Рашид Қадиров Түркияға жұмыс істеуге барып, кейін Грекияда заңсыз мигранттарды тасымалдады деген айыппен 125 жылға бас бостандығынан айырылған.
Жас жігітке Түркияда моторлы қайықпен туристерге серуен жасау жұмысы ұсынылған, тіпті жол ақысын да жұмыс беруші көтерген. Алайда іс жүзінде бұл заңсыз мигранттарды теңізбен тасымалдау кестесі болып шықты.
“Мен алты баланың анасымын, «Күміс алқа» иегерімін. Рашид – ортаншы ұлым. Бір күні заттарын жинап, ешкімге ештеңе айтпай кетіп қалды. Кейін оның Түркияға жұмысқа ұшып кеткенін естідім. Бұл мен үшін үлкен соққы болды. Әдетте балалар жолға шығарда міндетті түрде батамызды алады. Ал бұл жолы ол із-түзсіз жоғалып кетті. Ұзақ уақыт бойы ешқандай хабар болмады”, – дейді анасы.
Нұрхан Қадырова ұлының халықаралық алаяқтардың торына түскенін айтады. Жігіт ешкімге айтпай шетел асып кеткен, кейін бейтаныс нөмірден өзінің Грекия түрмесінде отырғанын жеткізген.
Тергеу барысында жігітке құжаттарға қол қоюды ұсынған, қол қоймаса, жаза мерзімі ұзаратынын ескерткен. Нәтижесінде сот оған 125 жыл бас бостандығынан айыру және шамамен 1 миллиард теңге айыппұл тағайындаған.
Жергілікті басылым хабарлағандай, ана баласының заңсыз тасымалдауды ұйымдастырмағанын, тек делдалдардың тапсырмасын орындаушы ғана болғанын алға тартады.
Қазір жігіт жаңа сот процесін күтіп отыр, ал отбасы Сыртқы істер министрлігінен көмек сұрап жүр.
