Алматыда 12-16 мамырда бірнеше аумақта газ өшіріледі
Алматының Медеу ауданында 12-16 мамыр аралығында газ уақытша тоқтатылады. Шектеу Көктөбе шағынауданы мен бірнеше көшені қамтиды.
Сурет: qandastar.kz
12 мен 16 мамыр аралығында Алматының Медеу ауданындағы бірқатар аумақта газ беру тоқтатылады. Бұл шектеу Көктөбе шағынауданы, Достық даңғылы, Армян көшесі және Тәттімбет көшесі аралығын қамтиды. Осы күндері аталған аймақ тұрғындары мен нысандарға газ уақытша берілмейді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Оған қоса, бірнеше көшеде көлік қозғалысына ішінара шектеу қойылуы мүмкін. Атап айтқанда, Ж. Омаров көшесінің Тәттімбет көшесімен қиылысында және Луган көшесінің Армян көшесінен Әл-Фараби даңғылындағы көпірге дейінгі бөлігінде.
Қалалық қызметтердің хабарлауынша, бұл уақытша шектеулер жаңа газ құбырларын қолданыстағы жүйеге қосу жұмыстарына байланысты. Мамандар тұрғындарға алдын ала қажетті дайындық жасап, газды үнемдеп пайдалануды ұсынды.
