Астанада өзін әскерде зорланған деп жалған таратып, алаяқтық жасаған азамат 3 жылға бас бостандығынан айырылды
23 жастағы астаналық жігіт әлеуметтік желіде өзін әскерде зорланған деп жалған айтып, қаржылай көмек сұраған. Сот оны алаяқтық және жалған ақпарат тарату бойынша 3 жылға бас бостандығынан айырды.
Сурет: qandastar.kz
23 жастағы астаналық жігіт әлеуметтік желіде өзін әскерде зорланған деп жалған хабарлама таратып, қаржылай көмек сұраған. Алайда тергеу барысында оның сөзінің жалған екені анықталып, сот оны алаяқтық және көрінеу жалған ақпарат тарату баптары бойынша кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Тергеу деректеріне сәйкес, ол биылғы жылдың ақпан айында анонимді жазба жариялап, өміріне қауіп төнгенін айтып, шетелге кету үшін ақша жинаған. Постта банк картасының реквизиттері көрсетілген. Кейін оның ешқашан әскери қызметте болмағаны анықталды. Ақша жинау мақсатында ол 17 жастағы танысының банк шотын пайдаланған, ал танысы мән-жайдан хабарсыз болған.
Екі күн ішінде көрсетілген есепшотқа 15-тен астам ақша аударымы түскен. Сот барысында айыпталушы бұл әрекетін тек ақша табу үшін жасағанын мойындады. Нәтижесінде ол алаяқтық және көрінеу жалған ақпарат тарату баптары бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
