Абай облысында төрт көлік соқтығысып, бір адам қаза тапты
Абай облысында төрт көлік соқтығысып, бір адам қаза тапты. Жол апаты 9 шілдеде Алматы-Өскемен тас жолында болды.
Сурет: turkystan.kz
9 шілдеде сағат 08:40 шамасында Алматы – Өскемен автожолының 885-шақырымында, Жарма ауданының Жарма ауылы маңында төрт көліктің қатысуымен жол апаты болды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Volkswagen Polo жүргізушісі назарын басқа жаққа аударып, рөлге ие бола алмай, қарсы жолаққа шығып, Volvo жүк көлігімен соқтығысқан. Кейін бұл апатқа Toyota Windom жеңіл көлігі мен DAF жүк көлігі де тартылған.
Соқтығыс салдарынан Volkswagen Polo жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Тағы бірнеше адам әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді.
Факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Абай облысы Полиция департаменті жүргізушілерге көлік басқару толық зейін мен жауапкершілікті талап ететінін ескертеді. Ұялы телефонды пайдалану, хабарлама жазу, сөйлесу немесе көлік салонынан зат іздеу сияқты назарды жолдан бұратын әрекеттер жол-көлік оқиғасының қаупін едәуір арттырады. Бірнеше секундтық бейқамдықтың өзі көліктің бақылаусыз айтарлықтай қашықтыққа жүріп өтуіне себеп болуы мүмкін.
