Шетелдік инвесторлар кеңесінің пленарлық отырысы аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев AD Ports Group компаниясының басқарушы директоры әрі бас атқарушы директоры Мухаммед Әл-Шамисимен кездесті, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы AD Ports Group компаниясының теңіз тасымалы және порт инфрақұрылымын дамыту саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі екенін атап өтті. Тараптар Каспий аймағының транзиттік-көліктік әлеуетін кеңейту және Орта дәлізді дамыту мәселелерін талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Брюссельге жасаған ресми сапары барысында Еуропалық Одақ басшылығы мен еуропалық бизнес өкілдерінің Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) бойынша жүк ағынын ұлғайтуға дайын екенін, бұл бағытты Азия мен Еуропаны байланыстыратын негізгі көлік дәліздерінің бірі ретінде танитынын айтты.
Әңгіме барысында жүк тасымалы саласындағы бірлескен кәсіпорындардың қызметіне, сондай-ақ астық және жүк терминалдарын салуды қоса алғанда, порт инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылды. Мухаммед Әл-Шамиси өз кезегінде холдингтің ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа және аймақтағы серіктестікті нығайтуға стратегиялық мүдделі екенін растады.
