Фото: видеодан скрин
Қазақстан-Ресей шекарасындағы бақылау-өткізу пунктінде төрт жасар Асланның ашық қалған резервуарға құлап, ажал құшқанына бір ай өтсе де, кінәлілер әлі анықталмаған. Баланың анасы Севинч Исмаилова қайғылы жағдайдан кейін құзырлы органдардан нақты жауап ала алмай отырғанын айтып, қоғамнан көмек сұрады.
Кезекті күту кезінде көз жазып қалған бүлдіршінді іздеуге әскери қызметкерлер де жұмылдырылған. Іздеу барысында үсті автомобиль дөңгелектерімен ғана жабылған бірнеше ашық люк анықталып, суға толы резервуардың түбінен баланың денесі табылған. Дәрігерлер келгенге дейін туыстары баланы өздігінен аман алып қалуға тырысқанымен, нәтиже болмады. Кейін белгілі болғандай, бұл қауіпті нысан бұрынғы жанармай құю станциясына тиесілі болып шықты және ол өртке қарсы қажеттіліктер үшін пайдаланылған. Айналасы қоршалмаған, ешқандай ескерту белгісі қойылмаған бұл орын ұзақ уақыт бойы қараусыз қалған.
Баласынан айырылған ана: «Арада бір ай өтсе де, әлі күнге дейін нақты жауап жоқ, бұл резервуар неге ашық жатты және оны неге ешкім қауіпсіз етпеді?» — деп сұрақ қояды. Қарапайым салғырттықтың кесірінен тағы бір отбасы қара жамылып, бейбіт күнде баласынан айырылып отыр. Бұл оқиға бойынша құзырлы органдардан ресми мәлімдеме мен кінәлі тұлғалардың заң алдында жауап беруін талап етеміз.
