Сурет: tengrinews.kz
Жексенбі күні Қазақстанның бірнеше өңірінде ауа райы күрт нашарлайды. «Қазгидромет» РМК синоптиктері үсік, қар және дауылды желге байланысты дауылды ескерту жариялады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Абай облысының солтүстігінде түнде және таңертең тұман түседі, батысында түнде 1 градус үсік күтіледі. Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында түнде жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын болуы ықтимал, сондай-ақ 2 градус үсік болжанады. Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының кей жерлерінде түнде және таңертең тұман түседі. Көптеген аймақта жоғары өрт қаупі сақталады.
Ақтөбе облысының оңтүстігі мен орталығында күндіз шаңды дауыл тұрып, желдің екпіні секундына 23 метрге дейін жетуі мүмкін. Атырау облысының батысында түнде жаңбыр жауып, найзағай ойнаса, өзге аудандарында шаңды дауыл соғады. Батыс Қазақстан облысының батысында түнде өткінші жаңбыр мен найзағай күтіледі, күндіз шаңды дауыл көтеріледі.
Алматы облысының солтүстігі мен батысында жел екпіні секундына 18 метрге дейін күшейеді. Жетісу облысының шығысы мен орталығында солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні кей кездері 25 м/с болады. Жамбыл облысының таулы аудандарында найзағай ойнап, өткінші жаңбыр жауады, жел екпіні 23-28 м/с дейін жетуі мүмкін. Түркістан облысының солтүстігінде шаңды дауыл болжанады, жел екпіні 23 м/с құрайды. Шымкентте жел екпіні 15-20 м/с болады.
Қарағанды облысының оңтүстігінде солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Ұлытау облысында желдің екпіні таңертең және күндіз 15-20 м/с, кей жерлерде 23 м/с дейін күшейеді. Қызылорда облысының басым бөлігінде шаңды дауыл күтіліп, желдің жылдамдығы 15-20 м/с, күндіз облыс орталығында 23 м/с құрайды. Бұл өңірлерде төтенше өрт қаупі сақталады.
Маңғыстау облысында ауа райы құбылмалы болады. Облыстың батысында, оңтүстігінде және орталығында түнде жаңбыр мен найзағай күтілсе, күндіз орталықта қатты жаңбыр жаууы мүмкін. Түнде және таңертең өңірдің батысында тұман түседі деп болжануда.
