Таулы орманға соғылған: ұшақ апатынан дәрігерлер түгел қайтыс болды

Фото: stuff.co.nz

АҚШ-тың Нью-Мексико штатында медициналық мақсаттағы шағын ұшақ апатқа ұшырады. Борттағы төрт адам көз жұмған, деп хабарлайды Qazaqtoday.info порталы apnews.comға сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға бейсенбі күні таңертең Руидосо қаласына жақын таулы аймақта болған. Апат салдарынан ұшақтағы барлық адам қаза тауып, оқиға орнында орман өрті тұтанған.

Жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, құрғақ әрі желді ауа райы өрттің тез таралуына себеп болған. Түске қарай тілсіз жау шарпыған аумақ 35 акрға, яғни шамамен 14 гектарға жеткен. Қазіргі уақытта төтенше жағдай қызметкерлері United States Forest Service мамандарымен бірге өртті сөндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандар – ұшу экипажының мүшелері мен медицина қызметкерлері. Олардың есімдері әзірге жария етілмеді.

Ұшақ апатына нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз. Тергеу амалдары басталды.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика