Іс бойынша Тәшиевке билікті күшпен басып алуға дайындалу және қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану баптары бойынша айып тағылып отыр. Қырғызстанның Бас прокуратурасы 12 мамырда бұрынғы арнайы қызмет басшысына қатысты қылмыстық іс бойынша айыптау актісін бекіткен.
Тәшиевтің адвокаты Икрамидин Айткуловтың айтуынша, іс мәні бойынша қаралу үшін Бішкектің Первомай аудандық сотына жолданған. Бұрынғы ҰҚМК басшысымен бірге осы іс бойынша тағы жеті адам айыпталушы ретінде өтіп жатыр.
Қорғаушы қылмыстық істің құпияланғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, мұндай тәртіп сот отырыстары жабық өтетінін білдіреді. Тергеу мен сотқа қатысты мәліметті жария етуге рұқсат берілмейді.
29 сәуірде Камчыбек Тәшиевке Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылғаны хабарланған еді. Ташиев өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын айтып, құқықтық жолмен қорғануға ниетті екенін мәлімдеген.
Қырғызстан ақпарат құралдары тергеу «75 адамның хатына» байланысты болуы мүмкін деген болжам айтқан. 9 ақпанда 75 адам Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен Нұрланбек Тұрғынбек уулуна ашық үндеу жолдап, елде кезектен тыс президент сайлауын өткізуді сұрағаны белгілі болды.
Одан кейін, 10 ақпанда Садыр Жапаров ұзақ жылдар бойы саяси серігі болған Қамшыбек Тәшиевті министрлер кабинеті төрағасының орынбасары және ҰҚМК төрағасы қызметінен босатты. Тәшиев аталған лауазымдарды 2020 жылдың қазан айынан бері атқарып келген.
Сол кезде жеке шаруасымен Германияда жүрген Тәшиев бұл шешім өзіне күтпеген жағдай болғанын айтқан. ҰҚМК басшысының міндетін атқарушы болып Жұмғалбек Шабданбеков тағайындалды.
Қырғызстандағы аталған іс саяси салмағы ауыр процесс ретінде қабылданып отыр. Себебі Тәшиев соңғы жылдары елдегі ең ықпалды күш құрылымы басшыларының бірі саналды. Оның қызметтен кетуі, кейін қылмыстық іске тартылуы Бішкектегі билік конфигурациясында елеулі өзгеріс жүріп жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар іс құпия режимде қаралатындықтан, қоғамға белгілі дерек шектеулі болады. Мұндай жағдайда құқықтық баға сот процесінің қорытындысына сүйеніп берілуі керек. Қамшыбек Тәшиев пен іс бойынша өтіп жатқан өзге адамдар соттың заңды күшіне енген үкімі шыққанға дейін кінәсіз деп саналады.
Фото: egemen.kz
