Фото: Видеодан скрин
Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы бірнеше ауылда ірі көлемдегі бұршақ жауып, айтарлықтай шығын келтірген. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбалардан бұршақтың көлемі тауықтың жұмыртқасындай екенін көруге болады. Тұрғындар мұндай табиғи құбылысты көп жылдан бері алғаш рет көріп отырғандарын айтады.
Жауған бұршақтың салдарынан үйлер мен шаруашылық нысандарының шатырлары тесіліп, көліктердің терезелері сынған. Электр бағаналары құлап, тұрғындар жарықсыз қалған. Табиғаттың тосын мінезінен Шеңбертал мен Жарма ауылдары қатты зардап шеккен.
«7 мамыр күні шамамен кешкі сағат 18:00-де маған бұршақ салдарынан сегіз электр бағанасы құлағаны хабарланды. Жарма тұрғындары электр қуатынсыз қалды. Энергетиктер оқиға орнына бірден жетті. Қалпына келтіру жұмыстары әлі жалғасуда», – дейді Ырғыз ауданының әкімі Нұрлан Қызбергенов.
Ауданда табиғи апаттан келген шығынды есептеу үшін арнайы комиссия құрылған. Комиссия жұмысы аяқталғаннан кейін ғана зардап шеккен тұрғындарға қандай көмек көрсетілетіні анықталатын болады.
