Коллаж: QazaqToday.info
Танымал тележурналист Дана Нұржігіт өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «Қазақ радосының Ақбаяны» атанған белгілі диктор, радио ардагері Сауық Жақанованың қазіргі жағдайына қатты алаңдаулы екенін айтты. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.
Дана Нұржігіттің сөзінше, Сауық Жақанова толық еміне қаржы таппай қиналып жүр. Ол Меруерт Өтекешоваға арналған жазбасының арасында Сауық Жақанованың да атын айтып, Ақордада түсірілген видеодағы жайтқа тоқталды.
«Меруерт апамызға арнап жазған постымның арасында атақты диктор – Сауық Жақанованың да атын атап едім. Мына видеода Сауық апай Ақордада “Парасат” орденін алып тұрып, Президенттің “суретке түсейік!” деген сөзін естімей қалғаны анық. Ол жай сасқалақтау емес! 80-нен асқан Сауық апай, Ә. Байжанбаевтың тікелей шәкірті, радио ардагері екі құлағын радиоға беріп, бүгінде түк естімейді, аппаратсыз жүре алмайды», – деп жазды журналист.
Сондай-ақ, былтыр Қарағандыда өткен шығармашылық кеште куә болған жағдайын баяндады.
«Қарағандыда, туған жерінде былтыр жеке шығармашылық кеші өтті. Мен сол ортаға арнайы бардым. Қолына ұстаған микрофоны құлағындағы аппаратпен жақындап кеткен сайын, құрылғы шыңылдап кете берген соң апай аппаратты шешіп отыруға мәжбүр болды. Құлағы тас керең адамның жайы белгілі ғой, Сауық апай аңтарылған күйі, сахнаға көтеріліп өзіне тілек айтқан адамдарды бірін ернінен, бірін ишаратынан түсініп, бір жерде күліп, бір жерде дауысын көтеріңкіреп шама шарқынша сахна мәдениетін сақтап отырды. Кеш соңына дейін. Жүрегім ауырды әлгісін көріп. Апайдың мәдениеттілігіне, ұстамдылығына таңдандым. Міне, мектеп, мәдениет деген!»,– деді Дана Нұржігіт.
Журналист Алматыдағы «Совмин» ауруханасына тегін қаралуға Президент қолынан алған “Парасат” орденінің қауқары да жетпегенін, аз ғана зейнетақысына ақылы түрде емделіп жүргенін айтып, қатты қынжылды. Елге еңбегі сіңген ардагерлерімізге қайтарымы ретінде қамқорлық жасауға шақырды.
Желі қолданушылары да бұл жайтқа алаңдаушылығын білдіріп, тиісті құрмет пен көмек көрсетуді сұрады.
«Сауық апай секілді саусақпен санарлық адам қалды. Баян бәріне бірдей пана бола алмайды», «Сауық апайдың қоңыр үнімен өстік», «Қайталанбас дауыс иесі ғой», «Елге еңбегі сіңген тұлғаларымызды барында қадірлейік», «Жүз жасасын, жазылып кетсін»,– деп жазды көпшілік.
