Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі
Байқоңыр ғарыш айлағында алғаш рет «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенінен жаңа буындағы «Союз-5/Сұңқар» зымыран-тасығышы ұшырылды. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.
Әлемдегі ең қуатты сұйық отынды зымыран қозғалтқышымен жабдықталған жаңа «Союз-5» зымыраны алғаш рет ұшты. Тарихи сәт – 30 сәуірде Байқоңыр ғарыш айлағындағы №45 ұшыру алаңында жүзеге асты. Бұрын бұл алаң «Зенит» зымыран-тасығыштар тобына арналған болатын.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, «Союз-5/Сұңқар» тасығышының техникалық сипаттамалары төмен жер маңы орбитасына 17 тоннаға дейін пайдалы жүкті шығаруға мүмкіндік береді. Зымыран қуатты әрі тексерілген қозғалтқыштармен жабдықталған.
«Бәйтерек» жобасы — еліміздің жеке заманауи ұшыру инфрақұрылымын пайдалануға көшуіне мүмкіндік беретін стратегиялық жетістік»,– делінген хабарламада.
Айта кетейік, «Бәйтерек» кешені мен «Союз-5/Сұңқар» зымыраны керосин мен сұйық оттегі сияқты улы емес отынды қолдана отырып, экологиялық таза космонавтиканың болашағын айқындайды. Ғылымды дамыту мен елдің индустриялық әлеуетін нығайту үшін жол ашады.
