Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев көліктерге заңсыз LED және Bi-LED шамдарын орнатуға тыйым салуды ұсынды. Оның айтуынша, бұл шара жол-көлік оқиғаларының көбеюіне байланысты қажет болып отыр, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Депутат жол жүру ережесін бұзу деректерінің күрт өскенін алға тартты. Мәселен, оның дерегінше, тек 2024 жылдың өзінде 12,6 миллион ереже бұзу фактісі тіркелген. Ал соңғы тоғыз айда бұл көрсеткіш 9,7 миллионға жеткен.
«Көз қаратпайтын жарық шамдары жол апатының санын арттырып, адам өміріне тікелей қауіп төндіріп отыр. Бұл мәселеге көз жұма қарауға болмайды», — деп атап өтті Сәрсенғалиев.
Сонымен қатар, халық қалаулысы жол ережесін бірнеше рет өрескел бұзған жүргізушілерді емтиханды қайта тапсыруға міндеттеуді және заңсыз жүргізуші куәлігін беруді толық тоқтатуды ұсынды.
Сондай-ақ ол жолдарды бақылау үшін дрон қолдану, жол құрылысына ашық бақылау енгізу, көлік көп жүретін учаскелерді кеңейту және жүргізушілерді қауіп туралы цифрлық платформалар арқылы жедел хабардар ету сияқты қосымша шараларды да атады.
Фото: Әлеуметтік желіден
