Тоқаев 13 қарашада Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізеді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 13 қарашада Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізеді. Жиын көлік-логистика саласын дамытуға және ұлттық компания басшыларының ұсталуына қатысты мемлекеттік позицияны жеткізуге арналады.
Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 13 қарашада Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізеді. Бұл туралы Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Оның сөзінше, шұғыл жиын көлік-логистика саласын дамыту мәселелеріне арналады.
«Жиын барысында Президент «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшыларының сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысы бар деген күдікпен ұсталуына байланысты мемлекеттің позициясын жеткізеді», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар Тоқаев «Заң мен Тәртіп» қағидатын сақтауға, ұлттық компания басшыларының жеке жауапкершілігіне, стратегиялық маңызды кәсіпорындардың жұмысындағы заңдылық пен ашықтық мәселелеріне ерекше назар аудармақ.
Еске салайық, бүгін, 12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталғанын ресми түрде хабарлады.
ҰҚК мәліметінше, олар мен өзге де адамдар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген.
