Қазақстандық шахматшылар әлем чемпионатында алтын және күміс жүлде алды
Малайзияда өткен әуесқойлар арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық шахматшылар екі медаль жеңіп алды: Әмір Төлегенов алтын, Мұхтар Айнақұл күміс жүлдегер атанды.
Фото: Казахстанская федерация шахмат
Малайзияда өткен әуесқойлар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан шахматшылары екі медаль жеңіп алды. Павлодарлық 16 жастағы Әмір Төлегенов 2300-ге дейінгі санатта чемпион атанса, шымкенттік 19 жастағы Мұхтар Айнақұл 2000-ге дейінгі санатта күміс жүлдегер атанды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

Қазақстан шахмат федерациясының мәліметінше, ұлттық құраманың басты кейіпкері — Әмір Төлегенов. Жарыс басталғанға дейін павлодарлық оқушы өз санатындағы 78 қатысушының ішінде бастапқы тізімде 22-орында ғана тұрған. Алайда тоғыз турдың қорытындысы бойынша ол барлық қарсыласын басып озды.
«Әмір алты жеңіс жасап, екі рет тең ойнап, бір рет жеңіліс тапты. Оның есебінде FIDE шебері атанған үш шахматшыны және FIDE шеберлігіне үміткер екі ойыншыны жеңу бар. Қазақстандық жеті ұпай жинады, Вьетнам мен Польша шахматшылары да дәл осындай ұпайға қол жеткізді, бірақ қосымша көрсеткіштер бойынша олардан озып, чемпиондық титулды иеленді», — деп хабарлады федерация.

2000-ге дейінгі санатта күміс жүлдегер Мұхтар Айнақұл атанды. 113 қарсыласпен күресте шымкенттік шахматшы жеті ұпай жинап, екінші орынды иеленді. Бұл санатта чемпион атанған Малайзия өкілі Ахрамся Муаммар Убайда Акил Айнуддин Науфал турнирді сегіз ұпаймен аяқтады.
Мұхтар үшін бұл әлемдік деңгейдегі алғашқы табыс емес. 2021 жылы ол 1700-ге дейінгі санатта әуесқойлар арасындағы әлем чемпионы атанған. 2024 жылы Chessy командасының құрамында блиц бойынша командалық әлем чемпионатын жеңіп алды, сондай-ақ рапид пен блицте жеке жүлделерге қол жеткізді.
Әуесқойлар арасындағы әлем чемпионаты 5-12 қараша аралығында Малайзияның Кланг қаласында өтті. Титулдар үшін 393 шахматшы күресті. Қатысушылар алты рейтингтік санатқа бөлініп, әрқайсысында швейцариялық жүйе бойынша тоғыз тур өткізілді. Барлығы чемпионатта алты комплект награда ойнатылды. Жалпы жүлде қоры 15 мың еуроны құрады.
Айта кетейік, осы турнирге дейін ел өкілдері әртүрлі рейтингтік санаттарда алты рет жеңімпаз атанған. Өткен жылдардағы чемпиондар қатарында Жұбан Бигабылов, Мұхтар Айнақұл, Әбілмансұр Әбділхайыр, Нұрасыл Жұмабек және Арнаш Бауыржан бар. Енді бұл тізімді Әмір Төлегенов толықтырды.
