Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев еліміздегі кинотеатрлардың қызметін тексеруді талап етіп, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне жүгінді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Депутаттың айтуынша, жекеменшік кино желілері фильмнің таза пайдасынан емес, жалпы кассалық жинақтан түскен табыстың 50%-на дейін алып отыр. Бұл жағдай продюсерлер мен режиссерлерді кинотеатрларға қаржылай тәуелді етіп қойған.
Бейсенбаев бұдан бөлек, фильм авторлары жарнама мен туындыны танытуға кететін шығындарды, кейде тіпті бейресми жарналарды да өздері төлеуге мәжбүр екенін атап өтті. Кинотеатрлар өз үлесін тіпті мемлекет қаржысына түсірілген картиналардан да ұстап қалады.
«Мысалы, «Qaytadan» фильмі 1 миллиард теңгеден астам қаражат жинады. Оның 550 миллионын кино желілері алса, фильмнің өндірісіне мемлекеттен небәрі 190 миллион теңге бөлінген. Кинотеатрлар фильм шығыны ақталмай жатып, табыстың тең жартысын алып кетеді. Бұл – кино өндірушілерді тәуелді ететін әділетсіз жүйе», — деді депутат.
Мәжілісменнің сөзінше, қазір нарықты елдегі кинозалдардың басым бөлігін иеленген бірнеше ірі желі бақылайды. Ол кинотеатрлардың келісімшарттары мен қызметіне кешенді тексеру жүргізуге шақырды.
Фото: Әлеуметтік желіден
