ТЖМ жаңа Tesla Cybertruck көлігін неге сатып алғанын түсіндірді

Төтенше жағдайлар министрлігі әлеуметтік желіде қызу талқыланған Tesla Cybertruck көлігіне қатысты ресми түсінік берді. Ведомствоның хабарлауынша, электромобиль Алматының таулы аймақтарында құтқару жұмыстарына пайдаланылады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Былтыр жыл соңында ТЖМ белгісі бар Tesla Cybertruck көлігінің видеосы әлеуметтік желіде тарап, көпшіліктің таңданысын тудырған еді. Желі қолданушылары бұл көліктің қандай мақсатта қолданылатынын білмей, түрлі болжам жасаған.

Министрлік Tengrinews.kz ресми сауалына берген жауабында материалдық-техникалық базаны жүйелі түрде жаңартып, «заманауи құтқару техникасының үлгілерін» зерттеп жатқанын түсіндірді.

«ТЖМ бөлімшелері үшін заманауи құтқару техникасы мен жабдықтарының үлгілерін енгізу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр», — деп хабарлады ведомство.

Электромобиль ең алдымен шақыртулар жиі түсетін Алматының таулы аймақтары мен оған іргелес жатқан аумақтарда қолданылады деп жоспарланған.

«Бұл, әсіресе, әр минут маңызды саналатын қиын сәттерде бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігі мен әрекет ету жылдамдығына тікелей әсер етеді», — деп атап өтті министрлік.

Ведомствоның мәліметінше, мұндай көлік құтқару бөлімшелерін оқиға орнына жедел жеткізу, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға ден қою, апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу және зардап шеккендерді, соның ішінде шұғыл медициналық көмекке мұқтаж туристерді эвакуациялау үшін пайдаланылмақ.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика