Иранда жағдай ушықты: Билік шерушілерге дрондармен шабуыл жасай бастады

Иран билігі наразылыққа шыққан халықты басу үшін алғаш рет ұшқышсыз ұшатын аппараттарды (дрон) қолдана бастады. Бұл ретте ел аумағында 60 сағаттан астам уақыттан бері интернет байланысы толықтай өшірілген, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Елді жайлаған жаппай наразылық шаралары кезінде интернетпен қатар, электр қуаты мен мобильді байланыста да іркілістер тіркелген. Deutsche Welle басылымының мәліметінше, Ираннан келетін ақпарат негізінен Starlink спутниктік жүйесі арқылы тарап жатыр.

Хабарламада наразылықтардың бүкіл елді қамтып, ірілі-ұсақты қалаларда жалғасып жатқаны айтылған. Қауіпсіздік күштерінің әрекеті күн санап қатыгездене түскен. Билік шеруге шыққандарды ауыздықтау үшін барлық шараны қолдануда, соның ішінде адамдарды әуеден анықтап, бақылау үшін дрондарды да іске қосқан.

Түрлі қалалардан ондаған адамның қаза тапқаны туралы ақпарат тарауда, бірақ қазіргі жағдайда бұл деректердің растығын тексеру мүмкін емес. Жергілікті ауруханалар жараланғандар мен қаза тапқандарға лық толы екені хабарланды.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика