«Әйелі 2,3 миллиард теңге тапқан»: Досаев табысы туралы есеп берді

Фото: forbes.kz

Ерболат Досаев 2024 жылға арналған кірісі туралы декларациясын жариялады. Бұл жөнінде Qazaqtoday.info ақпарат порталы хабарлады.

Аталған жылы ол Алматы қаласының әкімі қызметін атқарған. Декларацияға сәйкес, Ерболат Досаевтың 2024 жылғы табысы 14 миллион теңгені құраған.

Ал оның жұбайы Гүлнар Досаева 2,3 миллиард теңге көлеміндегі кірісті көрсеткен. Forbes.kz дерегіне сүйенсек, ол көпсалалы халықаралық Lancaster Holding компаниясының тең құрылтайшысы. Сонымен қатар Гүлнар Досаеваның бөлшек сауда саласында қызмет ететін G and G Гламур ЖШС мен GGonline ЖШС-да үлесі бар.

Сондай-ақ Президент Әкімшілігінің басқа да қызметкерлерінің отбасылары жариялаған табыстары белгілі болды. Атап айтқанда:
• Ғизат Нұрдәулетовтің жұбайы – 24,9 миллион теңге;
• Қуанышбек Есекееевтің жұбайы – 48,3 миллион теңге;
• Алексей Цойдың жұбайы – 1 миллион теңге;
• мемлекеттік инспектор Батыржан Байжумановтың жұбайы – 2,6 миллион теңге.

Бұған дейін Қазақстанның бірнеше министрлігінің ресми сайттарында шенеуніктердің алғашқы декларациялары жарияланған болатын. Алайда ол құжаттарда тек жұбайларының табыстары ғана көрсетілген. Ең ірі сома – 88 678 984 теңге. Бұл қаражатты премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің жұбайы Сания Садықова декларациялаған. Құжатқа сәйкес, бұл табыс бағалы қағаздар нарығындағы инвестициялардан түскен.

Айта кетейік, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап саяси мемлекеттік қызметкерлер үшін табыс туралы декларацияны жариялау міндеттелді. Ережеге сай, шенеуніктер бұл мәліметтерді желтоқсан айының соңына дейін ашық түрде ұсынуы тиіс болған.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика