Техникалық ақаулармен қатар, жүргізушілер сақтандыру рәсімдеу кезінде қосымша ақы сұрайтынына да шағымданған. Мәселен, кейбіріне брокерлік қызмет үшін 10-20 мың теңге төлеу ұсынылған.
Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі міндетті сақтандыру полистерін қымбат ұсынатын заңсыз делдалдар туралы ескерткен. Реттеуші міндетті сақтандыру бойынша делдалдық қызметке тыйым салынғанын, полисті лицензиясы бар сақтандыру компаниялары арқылы тікелей рәсімдеу керегін еске салды.
Полисті онлайн рәсімдеу мүмкіндігі тәулік бойы қамтамасыз етілуге тиіс. Ал интернет-сервис істемесе, жүргізуші компания кеңсесіне жазбаша өтінішпен жүгіне алады.
Сақтандыру рәсімделмесе, жүргізушілерге сайттағы ақауларды скриншот немесе видеоға түсіріп, компанияға жазбаша өтініш қалдыру ұсынылады. Мәселе шешілмесе, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне eOtinish.kz арқылы шағымдануға болады. Кеңес алу үшін 1459 нөміріне хабарласуға мүмкіндік бар.
Бұрынғы полистің мерзімі аяқталса, жаңа сақтандырусыз көлік жүргізуге болмайды. Сайт істемеуі немесе шағым түсіру жүргізушіні міндетті сақтандыру талабынан босатпайды.
