Астанада жұмысшыларға су шашқан Lexus жүргізушісі қамауға алынды
Фото: t.me/halyqstan
Астанада жол жөндеу жұмысшыларын басынан аяғына дейін суға малшындырып кеткен 32 жастағы Lexus жүргізушісі 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Ол көлігін шалшық судың үстімен жоғары жылдамдықпен жүргізіп, жол жиегінде жүрген жұмысшыларға су шашқан, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
Оқиға түсірілген видео әлеуметтік желілерде таралып, қоғамда қызу талқыланды.
Елорда Полиция департаментінің мәліметінше, жүргізуші бағдаршамның жыпылықтаған белгісіне қарамастан жылдамдығын төмендетпеген. Полиция оның бұл әрекетін айналасындағыларға және қоғамдық тәртіптің қарапайым нормаларына құрметсіздік деп бағалады.
Telegram желісіндегі Halyqstan арнасының хабарлауынша, жүргізуші 32 жастағы Нұржан Тохмұрзаев болып шыққан. Сот оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындады.
