Павлодар түрмесіне тіс жуатын пастаның ішіне есірткі салып жеткізген
Фото: видеодан скрин
Павлодардағы колонияның бірінде тіс пастасының ішіне есірткі жасырып, кіргізбекші болғандардың ісі әшкере болды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
№46 мекемеде сотталғандардың біріне синтетикалық есірткі жеткізу әрекетінің жолы кесілді.
Павлодар облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, мекеме қызметкерлері пошта арқылы келген сәлемдемені тексеру кезінде күмәнді затты анықтаған.
– Тексеру барысында тіс пастасының ішінен ашық сары түсті ұнтақ салынған полиэтилен пакет табылды. Сараптама қорытындысы тәркіленген заттың синтетикалық есірткі – альфа-PVP екенін көрсетті. Оның салмағы 0,7 грамды құраған, – деп хабарлады Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінен.
Істің мән-жайы анықталып жатыр.
