Тоқаев Азия ойындарының жүлдегерлерін марапаттап, жаңа спорт нысандарын салуды жариялады
Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындарының жүлдегерлерін марапаттап, елде жаңа спорт нысандары мен инклюзивті орталықтар салынатынын мәлімдеді.
Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияда өткен Азия ойындарында Қазақстан намысын қорғаған спортшылармен кездесіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге мемлекеттік наградалар табыстады. Салтанатты жиында Мемлекет басшысы спорттан бөлек, елдегі алдағы ірі құрылыс жоспарлары мен жаңа спорт нысандары туралы да әңгімеледі.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Президент өз сөзінде қазақстандық спортшылардың Жапонияда өткен ХХ Жазғы Азия ойындары мен V Азия Пара ойындарында тамаша нәтиже көрсетіп, еліміздің мәртебесін асырғанын атап өтті.

«Бұл – мемлекетіміз үшін шын мәнінде үлкен жетістік және зор мақтаныш! Баршаңызға жарқын жеңістеріңіз құтты болсын деймін! Сіздер құрлықтың ең мықты спортшылары қатысқан дүбірлі дода кезінде ел намысын қорғап, жүзден жүйрік шықтыңыздар! Ұлттық құраманың табанды еңбегінің арқасында Азиада төрінде рухты Әнұранымыз шырқалды, көк Туымыз биікте желбіреді. Мен әрбір жеңісті нағыз патриотизмнің айқын көрінісі деп санаймын. Тұтас халқымыз сіздерге қолдау көрсетті, жанкүйер болды. Әр спортшының ел қоржынына қосқан медалі азаматтарымызға, әсіресе, өсіп келе жатқан жас буынға үлкен шабыт береді, оларды мықты, күшті болуға үндейді және алға жетелейді. Бүгін осы мерейлі сәтте мен Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға тағы да шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларымыздың жеңісті жолы елімізде болып жатқан түбегейлі өзгерістер рухымен терең үндесетінін атап өтті. Президент соңғы жылдары халықаралық валюта қорының болжамы бойынша мемлекетіміздің жалпы ішкі өнімінің көлемі 398 миллиард долларға жеткенін алға тартты.
«Бұл – біздің аймағымыздағы ең жоғары көрсеткіш болмақ. Бірақ қазіргідей құбылмалы уақытта, әрине, қолда бар табысқа мәз болып, жайбарақат отыруға болмайды. Бәріміз осындай алмағайып заманда еліміздің әлеуетін арттыра түсу үшін белсенді әрі қажырлы еңбек етуіміз керек», – деді ол.

Тоқаевтың айтуынша, елімізде келесі жылы «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» аясында ірі құрылыс науқаны басталады.
«Өздеріңіз білесіздер, мен жақында жариялаған халыққа Жолдауымда бұл міндеттерге жан-жақты тоқталып өттім. Дегенмен мұны жай ғана уақытша науқан емес, нағыз «Халықтық құрылыс», яғни, тұтас қоғамның игілігі үшін істелетін тарихи құрылыс жұмысы деп түсінген жөн. Еліміздің әр азаматы, әсіресе, өскелең ұрпақ қауіпсіз, қолайлы және сапалы ортада өмір сүруге хақы бар. Бұл міндетті орындау ел Президенті ретінде мен үшін бірінші қатардағы басымдық болмақ. Сондықтан «Халықтық құрылыс» барысында еліміздің барлық аймағында көптеген әлеуметтік нысандар – мектептер, ауруханалар, емханалар, ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалту орталықтары, мәдениет және өнер ошақтары, спорт орталықтары, сондай-ақ тұрғындарымыздың тұрмыс сапасын жақсартатын аса қажетті инфрақұрылым нысандары салынады. Шын мәнінде, біз бұрын-соңды болмаған «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыруға кірісіп жатырмыз. Бұл бастама еліміздің кескін-келбетін түбегейлі өзгертіп, азаматтардың тұрмыс сапасын айтарлықтай арттыра түседі. Ауқымды құрылыс қалалар мен аудандардың барлығында жүргізіліп, азаматтық инфрақұрылымды түгел жаңғыртады. Қазіргі бұлыңғыр, болжамсыз дәуірге деген біздің жалпыұлттық жауабымыз: бұл – «Құрылыс және тағы да құрылыс!». Себебі, меніңше, құрылыс жұмыстары, бұл – еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалын арттырудың жалғыз ғана жолы. Бұл сөздің астарында келешек ұрпақтың игілігіне берік негіз қалайтын жасампаздыққа тұтас ұлтты жұмылдыру міндеті тұр», – деп қосты ол.
Тоқаев жалпыұлттық ауқымдағы бұл жұмыс барлық саланың, соның ішінде спорт саласының дамуына айрықша серпін беретініне назар аударды.
«Бағдарлама аясында жаңа спорт нысандары мен инклюзивті орталықтар бой көтереді. Қазақстанда әрбір баланың спортпен айналысуға мүмкіндігі болуы керек. Бұл – әлеуметтік мәні терең міндет қана емес, осы міндеттің саяси мағынасы әлдеқайда маңызды. Еліміздің шалғай ауылдарында болашақ чемпиондар, яғни, жеңімпаздар өсіп келе жатыр. Олардың бәріне бірдей жағдай жасалуға тиіс. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мақсаты да – осы», – деді Мемлекет басшысы.
Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев Азия ойындарында спорттық аяқ киіміне бола алтынынан айырылған спортшыны марапаттаған еді. Ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
