Алматы Қытайдың іскерлік туризм нарығындағы орнын нығайтып келеді
Фото: Алматы
Қала Қытайдан келетін іскерлік сапарлар санын арттыруға, халықаралық кездесулер мен конференцияларды Алматыда ұйымдастыруға басымдық беріп отыр.
Осы бағыттағы жұмыстардың бірі Алматының 3-5 қараша аралығында Бейжіңде өткен China International MICE Exchange (CIMX Beijing 2026) халықаралық көрмесіне қатысуы. Халықаралық алаңда Visit Almaty өкілдері қытайлық туроператорларға, іскерлік іс-шаралар мен корпоративтік сапарларды ұйымдастырушыларға қаланың туристік мүмкіндіктерін таныстырды.
Қытай Алматы үшін туристік әлеуеті жоғары нарықтардың бірі саналады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қалаға ҚХР-дан 136 419 турист келген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 37,6%-ға көп. Туристер санының өсуіне Алматы мен Қытайдың төрт ірі қаласы – Бейжің, Шанхай, Гуанчжоу және Үрімжі арасындағы тікелей әуе қатынасы да септігін тигізіп отыр.
Алматыға келетін туристердің көбеюімен бірге қалада халықаралық конференциялар, корпоративтік жиындар мен іскерлік кездесулер өткізу мүмкіндіктері де кеңейіп келеді.
Алматының тағы бір артықшылығы – іскерлік сапарды демалыспен және саяхатпен ұштастыруға болады. Халықаралық іс-шараларға келген қонақтар жұмыс кездесуден бос уақытта тау курорттарын аралап, қаланың мәдениетімен, ұлттық тағамдарымен және көрікті орындарымен таныса алады.
Көрме аясында Visit Almaty өкілдері Қытайдың туристік нарығындағы өкілдермен бірлескен бағдарламаларды дамыту, Алматыны корпоративтік клиенттер арасында ілгерілету және халықаралық іс-шараларды ұйымдастыру мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері бойынша келіссөздер жүргізді.
CIMX Beijing 2026 көрмесіне 41 ел мен өңірден туризм индустриясының 3 000-нан астам өкілі қатысып, туристік бағытын кәсіби қауымдастыққа таныстыруға мүмкіндік алды.
Бұл жұмыстар Алматыға Қытайдан келетін туристер санын көбейтуге, іскерлік сапарлар аясын кеңейтуге және қаланың туристік әлеуетіне деген қызығушылықты арттыруға ықпал етеді.
