Ұлттық Банк атынан жалған хат таратып, ақша сұрайтын алаяқтар көбейді
Ұлттық Банк атынан жалған хат таратып, ақша сұрайтын алаяқтар көбейді. Банк ресми бланкіге ұқсас құжаттар жалған екенін ескертіп, азаматтарды сақ болуға шақырды.
Фото: Ұлттық Банк
Қазақстанда алаяқтар Ұлттық Банктің атын жамылып, тұрғындарға жалған хаттар мен құжаттар жіберіп жүр. Олар жоғалған ақшаңызды қайтарып береміз деп сендіріп, алдымен ақша аударуды талап етеді екен.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

Ұлттық Банктің мәліметінше, алаяқтар құжаттарды мекеменің ресми бланкісіне ұқсатып жасайды. Содан кейін азаматтарға хабарласып, олардың алаяқтарға алданып қалғанын айтады. Ақшасын қайтарып алуға көмектесетінін айтып, ол үшін алдымен белгілі бір соманы төлеу керегіне сендіреді. Кейде қаскөйлер ақшаңыз қайтарылды, енді оны алу үшін қосымша төлем жасау керек деп алдайды. Мысалы, ақшаны тіркеу немесе мемлекетке мәлімдеу қажет деген сылтау айтады.
Тіпті кейбірі ақшаны арнайы көлікпен үйіңізге жеткізіп береміз деп уәде етеді екен. Өз сөздеріне сендіру үшін олар Ұлттық Банктің немесе Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкері болып танысады. Ал Ұлттық Банк мұндай хаттар мен құжаттардың жалған екенін ескертті. Ондағы электрондық қолтаңба мен мөрлер де ресми талаптарға сай келмейді.

Банк өкілдері тұрғындардың жеке шоттарына қызмет көрсетпейтінін, олардың ақшасын тіркеумен немесе мемлекетке мәлімдеумен айналыспайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ азаматтармен тікелей ақша аудару немесе төлем жасау мәселесі бойынша жұмыс та жүргізбейді. Ұлттық Банк азаматтарға мессенджер, электрондық пошта немесе әлеуметтік желі арқылы жеке хат жазбайтынын да еске салды.
Сондықтан банк күмәнді адамдардың сөзіне сенбеуге, бейтаныс шоттарға ақша аудармауға және тексерілмеген құжаттарға алданып қалмауға шақырады. Егер осындай жағдайға тап болсаңыз, полицияға арызданған жөн. Ал ақпараттың рас-өтірігін анықтау үшін Ұлттық Банктің 1477 қысқа нөміріне хабарласуға болады.
Еске салсақ, бұған дейін Астанада Instagram арқылы жиһаз жасап, тартпалы төбе орнатуға уәде берген ер адамның 15 адамды алдап кеткенін жазған едік. Ол тапсырыс берушілерден алдын ала төлем алып, кейін хабарсыз кеткен. Осылайша тұрғындардың 21 миллион теңгесін иемденген.
