Ақтауда ер адам дәрігерге күш көрсетіп, шабуыл жасады
Фото: Видеодан скрин
Ақтауда облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде ер адам дәрігерге шабуыл жасады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Оқиға 31 қазан күні кешкі уақытта болған.
Аурухана мәліметінше, балалар хирургі науқасты тексеріп, оны жатқызуға медициналық көрсетілім жоқ екенін түсіндірген. Алайда баланың әкесі ашуға мініп, дәрігерге тап берген. Оны медицина қызметкерінен бірнеше адам әрең ажыратқан. Қазір дәрігер жұмысқа оралып, кезекшілікке кіріскен.
Полиция мәліметінше, жанжалға баланың әкесінің медицина қызметкерлерінің қарым-қатынасы мен көрсетілген ем сапасына көңілі толмауы себеп болған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ полиция шабуылға бір медицина қызметкері ұшырағанын хабарлады. Ал әлеуметтік желіде тараған мәліметтерде екі дәрігер зардап шеккені айтылған.
Желі қолданушылары ер адамның әрекетін айыптап, ауруханалардағы күзетті күшейтуді талап етті.
