Астана мектебіндегі қысылыста бала жарақат алды: жаңа мәліметтер
Астана мектебіндегі қысылыста бала жарақат алды. Директор өкілеттігін тоқтатуға арыз жазды, гардеробшыны жұмыстан шығару туралы ақпарат жоққа шығарылды.
Сурет: newtimes.kz
Астанадағы мектепте орын алған қысылыс кезінде бала жарақат алғаны туралы жаңа деректер белгілі болды. Ведомствоның бас маманы Гүлдана Усманованың айтуынша, бала құлап қалған. Мектеп әкімшілігі жедел жәрдем шақыртып, дәрігерлер оқушыны тексерген. Оған ауыр медициналық көмек қажет болмаған.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Басқарма кадрлық шешімдер туралы ақпаратты да нақтылады. Мектеп директоры өкілеттігін тоқтату туралы арыз жазған. Ол мекемеде жұмысын жалғастыруы мүмкін, бірақ басшылық лауазымда емес. Бұған дейін оның жұмыстан шығарылғаны хабарланған болатын.
Гардеробшы әйелді жұмыстан шығару туралы ақпаратты ведомство жоққа шығарды.
«Бізде ондай әңгіме болған жоқ. Бұйрық та жоқ. Гардеробшы әйел қазіргі уақытта жұмыс істеп жүр. Ол тіпті жұмыстан шығарылғанын білмейді», — деді Усманова.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, екінші ауысымдағы жеті сыныпта сабақ бір уақытта аяқталған соң қысылыс туындаған. Балалар сырт киімдерін алуға бет алғанда гардероб маңында жиналып қалған. Білім басқармасы оқиғаның себебін дұрыс құрылмаған сабақ кестесі деп атады.
Оқиғадан кейін кейбір оқушылар есінен танып қалғаны туралы хабарламалар пайда болды. Ведомство бейнебақылау камераларының жазбаларын қарап шығып, бұл ақпараттың расталмағанын мәлімдеді.
Мектепте гардероб маңында қызметкерлердің кезекшілігі күшейтіліп, қосымша қауіпсіздік шаралары қабылданды.
