Тереңкөл ауданында екі бала көмірқышқыл газынан уланды
Тереңкөл ауданында 6 қазанда пешті пайдалану кезінде екі бала көмірқышқыл газынан уланып, ауруханаға жатқызылды. Жыл басынан облыста 12 бала зардап шеккен.
Сурет: istockphoto
Тереңкөл ауданында пешті пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарының сақталмауы салдарынан екі бала көміртек қышқылынан уланып қалған. Олар қазіргі уақытта ауруханада ем қабылдап жатыр.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Оқиға 6 қазан күні болған. Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 14 және 11 жастағы балалар көмір жағылатын пешті пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы салдарынан көмірқышқыл газынан уланған. Пештің түтін шығаратын мұржасы уақтылы тазаланбаған.
Балалардың басы ауырып, жүректері айнығаннан кейін әуелі Тереңкөл аудандық ауруханасына жүгінген. Кейін олар облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.
Балаларды кезекші педиатр қарап, бақылау және ем қабылдау үшін соматикалық бөлімге жатқызды. Қазіргі уақытта жағдайлары тұрақты, — деп хабарлады Павлодар облыстық балалар ауруханасы.
Емдеу мекемесінің мәліметінше, жыл басынан облыста 12 бала көмірқышқыл газынан уланып, медициналық көмекке жүгінген. Оның ішінде 6 жағдай қыркүйек айында тіркелген.
Мамандар пешті пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтап, түтін мұржаларын уақытылы тазалаудың маңыздылығын ескертеді.
