Семейдегі сергелдең: студент қызды бұрынғы жігіті туған інісінің көзінше пышақтап өлтірген
Фото: видеодан скрин
21 қыркүйек күні кешке Семей қаласында 24 жастағы жігіт бұрынғы танысы Дильяра Сәлімбаеваны туған інісінің көзінше пышақтап өлтірген. Бұл туралы марқұмның әпкесі әлеуметтік желіде жазба жариялап, күдіктіге ең ауыр жаза сұраған, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
Сіңілісінің өлімі туралы жазған Парасат Айбекованың айтуынша, жігіт қызды біреулер арқылы алдап шақырып алған.
«Кеше Семей қаласында 19 жастағы сіңілімді өлтіріп кетті. Ол жігітпен кездескісі келмеген. Отбасымызға «үндемеңдер» дейді. Бірақ, сіңілімді бір адам емес, оны далаға шақырғандарды қосқанда, бір топ адам өлтірді деп санаймыз. Біз үндемей қалғымыз келмейді», — деп жазған ол.

Парасат Айбекованың айтуынша, күдікті қыз баланы бір емес, бірнеше жерінен жаралаған.
«Сіңілімді жер қойнына тапсырып, есімізді жиып алған соң, соңына дейін баруға тырысамыз. Қанішер артынан қалмай қойып, басқа адамдар арқылы сіңілімді далаға алып шыққан, кейін сағат 18:30-дар шамасында туған інісінің көзінше пышақ қолданған. Бір жерден емес, әр жерінен пышақ сұққан. Жедел жәрдем келгенще көп қан жоғалтып, сол жерде жан тыпсырды», — деп жазған ол.
Абай облысының полициясы редакцияның сауалына жауап бере отырып, қыз бен жігіттің таныс болғанын растады.
«21 қыркүйек күні полиция адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті анықталып, жедел түрде ұсталды. Ол ауданның 24 жастағы тұрғыны болып шықты. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті мен марқұм таныс болған», — деп хабарлады Абай облысының полиция департаменті.
