Негізгі мазмұнға өту
Сейсенбі, 22 қыркүйек 2026 $ 447,2 513,7 5,32
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • Әлеуметтік көмек нақты мұқтаж адамдарға жетуі тиіс – әлеуметтанушы

    Әлеуметтік көмек нақты мұқтаж адамдарға жетуі тиіс – әлеуметтанушы

    Қазақстан әлеуметтік қолдауға жыл сайын қомақты қаржы бөледі. Алайда шығын көлемінің артуы халықтың әлеуметтік саясатқа қанағаттану деңгейін әрдайым көтере бермейді. Әлеуметтанушы Гүлмира Ілеуованың пікірінше, көмекті кімге және қандай негізде беру керегін дәлірек анықтау қажет, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы. 

    Сарапшының айтуынша, мемлекеттік бюджет шығыстарының жартысынан астамы әлеуметтік бағытқа жұмсалады. Бұл тек жәрдемақы мен зейнетақы төлемдері емес. Оған әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбекақысы, денсаулық сақтау мен балаларды қолдауға бөлінетін қаражат та кіреді.

    «Әртүрлі санаттағы азаматтарға төленетін әлеуметтік көмек уақыт өте өзгеріп, түзетіліп отырды. Қазір бұл салада жаңартылған тәсіл біртіндеп қалыптасып келеді», – деді Гүлмира Ілеуова.

    Ол ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау бағытында оң өзгерістер болғанын атап өтті. Бұрын толық көлемде жұмыс істей алмайтын адам мүгедектігін растау үшін жыл сайын комиссияға барып, жағдайын қайта дәлелдеуге мәжбүр болған. Әлеуметтанушы мұндай тәжірибе қоғамда орынды наразылық тудырғанын айтады.

    «Мысалы, қолы немесе аяғы жоқ адамнан мұны жыл сайын қайта дәлелдеуді талап ету адамгершілікке жатпайды. Қазір мұндай тәжірибеден біртіндеп бас тартылып жатыр. Сонымен бірге ерекше қажеттілігі бар адамдар санатына жататын азаматтардың қатары кеңейіп келеді. Бұған аутизм сияқты диагноздардың ескерілуі де жатады», – деді ол.

    Ілеуова зейнетақы төлемдері де бюджет шығыстарының ірі бөлігі екенін айтты. Балаларды қолдау мен өскелең ұрпаққа жағдай жасауға да елеулі қаражат бағытталады. Оның сөзінше, бұл саладағы жағдай барлық жерде бірдей мінсіз болмаса да, жұмыс жалғасып жатыр.

    Әлеуметтанушы денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік көмекті де ескерусіз қалдырмау керек деп санайды. Оның айтуынша, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі сынға жиі ұшырағанымен, оған көптеген қызмет, соның ішінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кіреді. Мемлекет квота арқылы буын алмастыру, көзге және жүрекке жасалатын бірқатар қымбат операциялардың ақысын төлейді.

    «Мемлекет барлық талдауды қаржыландырмайтыны түсінікті. Бірақ бюджет есебінен өте қымбат операциялар жасалып жатыр. Мұны да мойындауымыз керек», – деді сарапшы.

    Сонымен қатар ол халықтың тегін медициналық көмекке қатысты күткені өте жоғары екенін айтты. Кей азаматтар барлық медициналық қызмет тегін болуы тиіс деп есептейді. Алайда, әлеуметтанушының пікірінше, кез келген жүйенің қаржылық мүмкіндігі мен қызмет көлеміне қатысты шектеулері болады.

    Гүлмира Ілеуованың айтуынша, өзі қатысатын әлеуметтік зерттеулерде халықтың өмірге қанағаттануы мен әлеуметтік оптимизм көрсеткіштерінің күрт төмендеуі байқалмайды. Ол бұған әлеуметтік қолдаудың әртүрлі түрлері де әсер етуі мүмкін екенін айтады. Ал наразылық күшейсе, бұл көбіне табыстың төмендігі мен инфляцияға байланысты болады.

    «Баға өскенде, адамдардың көңіл толмауы әлеуметтік көңіл күйдің барлық қырына, соның ішінде әлеуметтік саясатты бағалауға да әсер етеді. Дегенмен халық риза болатын тұстар да бар», – деді ол.

    Көмек алушының жағдайын қалай бағалау керек?

    Әлеуметтанушы Қазақстанда әлеуметтік қолдаудың ұзақ уақыт бойы азаматтардың материалдық жағдайын ажыратпай көрсетілгенін айтты. Мұндай тәсіл кеңестік кезеңнен қалған: көмек отбасының табысы мен экономикалық мүмкіндігіне қарамастан, белгілі бір санатқа кіретіндердің бәріне берілді. Соның әсерінен қоғамда әлеуметтік қолдау баршаға бірдей көрсетілуі керек деген түсінік орныққан.

    Ілеуованың сөзінше, көмекті саралап беру туралы мәселе талай жылдан бері көтеріліп келеді. Алайда адамның шынымен мұқтаж екенін анықтау оңай емес. Ол жүргізілген зерттеулердің бірінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың арасында табысы жоғары азаматтар да кездескенін мысалға келтірді. Ресми жұмыс орны болмағандықтан, олардың нақты қаржылық жағдайы сырттай байқалмауы мүмкін.

    Керісінше, Алматының орталығындағы үлкен пәтерде тұратын адамның табысы төмен болуы ықтимал. Баспана оған кеңес дәуірінен мұраға қалғанымен, коммуналдық төлемдерді өтеу қиынға соғуы мүмкін.

    «Сондықтан тек адамның жұмыс мәртебесіне немесе баспанасына қарап шешім қабылдау дұрыс емес. Көмек кімге қажет, кімге қажет емес деген сұраққа дәлелді жауап керек. Қазір әлеуметтік қолдауды саралау жеткілікті негізде жүргізіліп отырған жоқ», – деді әлеуметтанушы.

    Оның пікірінше, қоғамда табысы жоғары, орташа және өте төмен топтардың барын мойындасақ, кедейлік жағдайындағы адамдардың ерекшеліктерін де ескеру қажет. Олардың тұрғылықты жері, білім деңгейі және басқа да жағдайлары әлеуметтік көмектің қалай бөлінетінін анықтауға көмектесе алады.

    Шығын көбейсе, нәтиже де бағалануы тиіс

    Гүлмира Ілеуова әлеуметтік қолдауға жұмсалатын қаражатты көбейту ғана жеткіліксіз екенін айтты. Мемлекет бөлген қаржы халықтың өміріне қалай әсер еткенін және азаматтардың көрсетілген көмекке қаншалықты қанағаттанатынын бағалау керек.

    «Егер әлеуметтік саясатқа биыл былтырғыдан көбірек қаржы жұмсалып, ал халықтың қанағаттану деңгейі төмендесе, оның себебін анықтау қажет. Мемлекет көбірек қаражат бөлген сайын, нәтиже де соған сай болуы тиіс», – деді ол.

    Әлеуметтанушының айтуынша, өткен жылы «e-Otinish» жүйесіне 5 миллионнан астам өтініш түскен. Оның пікірінше, әлеуметтік сипаттағы көптеген мәселені жергілікті деңгейде шешуге болады. Егер азаматтар оларды жоғары тұрған органдарға жолдауға мәжбүр болса, жергілікті басқару жүйесінің жұмысына назар аудару керек.

    «Мемлекет әлеуметтік салаға үлкен қаражат жұмсап, көп мәселені шешуге тырысып жатыр. Енді сол көмектің нақты кімге жеткенін және азаматтар көтерген мәселелер неге өз деңгейінде шешілмейтінін қарастыру маңызды», – деді Гүлмира Ілеуова.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →