Павлодар облысында жеке сот орындаушылары 535 млн теңге кірісін жасырған
Павлодар облысының прокуратурасы жеке сот орындаушыларының қызметіне салық тәртібі тұрғысынан талдау жүргізіп, кірістерін жасырудың бірнеше дерегін әшкереледі, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Тексеру нәтижелері көрсеткендей, жұмысы тексерілген 73 жеке сот орындаушының 53-інде ресми көрсетілмеген кірістер бар болып шықты. Қадағалау органының араласуынан кейін олар жалпы сомасы 535,6 миллион теңгені өз еркімен қайта декларациялады.
Камералдық бақылау қорытындысы бойынша бюджетке 53 миллион теңгеден астам жеке табыс салығы есептеліп, толық төленді. Бұдан бөлек, салықтарды уақтылы төлемегені үшін 10,2 миллион теңге өсімпұл өндіріліп алынды.
Прокуратура өкілдері салық міндеттемелерінің толық әрі уақтылы орындалуын бақылау жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда анықталған бұзушылықтарды жоймаған жеке сот орындаушыларына қатысты тиісті салықтық тексерулер жүргізу мәселесі қарастырылуда.
