Қандас мәртебесін алатындар ҚАЗТЕСТ тапсырады
Сурет: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Қандас мәртебесін алуды немесе елімізде тұрақты тұруға рұқсат алуды жоспарлаған адамдар ҚАЗТЕСТ тапсырады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне қарағанда, мұнда тестілеу арқылы адамның мемлекеттік тілді білу деңгейі анықталады.
ҚАЗТЕСТ қазақ тілін терең білуді талап ететін қиын емтихан емес. Тестілеу түсінікті форматта болады. Тапсырмалар адамның күнделікті өмірде қарым-қатынас жасап, жаңа ортаға бейімделуі үшін мемлекеттік тілді қаншалықты түсінетінін анықтауға арналған.
Сұрақтар күнделікті өмірде кездесетін жағдайларға негізделген. Бұл жерде адамның қазақ тіліндегі сөздерді түсінуіне және ақпаратты қабылдауына көңіл бөлінеді. Тест тапсырмалары барынша оңай құрастырылған.
Тест тапсыратын адам тыңдалым және оқылымнан барлығы 60 тапсырманы орындайды. Тестілеуге 1 сағат 10 минут беріледі және ол онлайн форматта тапсырылады.
«Тест форматына алдын ала танысып, дайындалғысы келетіндер үшін бейімдеу және интеграция орталықтарында тегін дайындық қарастырылған. Мұнда қажетті кеңес алуға, ҚАЗТЕСТ форматы туралы ақпарат алуға және жаттығу тапсырмаларын орындауға болады. Бұл емтихан тапсыратын адамға тест құрылымын алдын ала түсініп, дайындалуға көмектеседі.
Егер адам нәтиже көрсете алмаса, тестілеуді қайта тапсыруға мүмкіндік бар. Соңғы тестілеуден кейінгі 30 күнтізбелік күн ішінде екі ретке дейін қайта тапсыруға болады», делінген хабарламада.
Тестілеу прокторинг жүйесі арқылы жүргізіледі. Сондықтан тестті бастамас бұрын камера мен микрофонның дұрыс жұмыс істеп тұрғанын, интернет байланысын да тексеріп алған жөн.
