Александр Бублик АҚШ ашық чемпионатын жеңіспен бастады
Александр Бублик АҚШ ашық чемпионатының бірінші айналымында Джеффри Джон Волфты жеңіп, екінші айналымға өтті. Матч төрт сетке созылды.
Фото: ФТК
Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик маусымдағы соңғы Үлкен дулыға турнирі — АҚШ ашық чемпионатында сәтті старт алды. Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Әлемдік рейтингте 16-орында тұрған және турнирде 15-ші нөмірлі жіберілген спортшы бірінші айналымда әлемнің 253-ракеткасы, ұйымдастырушылардан арнайы рұқсат алған америкалық Джеффри Джон Волфпен кездесті.
Матч төрт сетке созылып, Бубликтің 6:4, 6:2, 3:6, 6:1 есебімен жеңісімен аяқталды. Теннисшілер қатты кортта 2 сағат 15 минут өткізді. Осы уақыт ішінде Александр 18 эйс жасап, 10 қосарланған қателік жіберді және сегіз брейк-пойнттың жетеуін реализациялады.
Екінші айналымда қазақстандық теннисші аргентиналық Тьяго Агустино Тиранте мен француз Адриан Маннарино арасындағы кездесудің жеңімпазымен ойнайды.
Бұған дейін қазақстандық теннисші Елена Рыбакина WTA тірі рейтингінде әлемнің бірінші ракеткасы атанған болатын.
