Cолтүстік Қазақстанда 38 жастағы ер адам көз жұмды
Солтүстік Қазақстан облысында жеке үй құрылысы кезінде 38 жастағы ер адамды тоқ соғып, көз жұмды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Astana телеарнасының мәліметінше, қайғылы оқиға Бескөл ауылындағы салынып жатқан жеке үйдің ауласында болған. Қаза тапқан ер адам автокранды басқарып, әкелінген кірпіш тиелген тіректерді түсіріп жатқан.
Кран құрылғысы жоғары вольтты электр сымдарына тиіп кетіп, кабинаға тоқ соққан. Ер адам алған жарақатынан оқиға орнында қаза тапты. Оның 31 жастағы інісі термиялық күйік алды.
Солтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі 38 жастағы ер адамның оқиға орнында көз жұмғанын растады. Зардап шеккен екінші адамның ауруханаға жатудан бас тартқаны белгілі болды.
Аймақтық Полиция департаменті оқиғаға қатысты түсінік берді.
«25 тамызда Қызылжар ауданының Бескөл ауылында кірпіш тиелген паллеттерді түсіру жұмыстары кезінде жазатайым оқиға орын алды. Автокран-манипулятордың жебесі жоғары кернеулі электр желісіне тиіп кету салдарынан 38 жастағы ер адам электр тоғынан зардап шегіп, қаза тапты. Аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс тіркеді. Тергеу жүргізілуде, оқиғаның барлық мән-жайлары анықталып жатыр», – деп хабарлады СҚО ПД баспасөз қызметі.
