Қостанай облысында жастар мен еріктілердің экологиялық слеті өтуде
Қостанай облысында 14-16 тамызда өтіп жатқан экологиялық слет жастар мен еріктілердің экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған. Үздік жобаға 1 млн теңге қарастырылған.
Сурет: turkystan.kz
2026 жылдың 14–16 тамызында Лисаковск қаласындағы «Алый парус» демалыс базасында Қостанай облыстық экологиялық слеті өтіп жатыр. Бұл шара жастар мен еріктілерді біріктіріп, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Слетті «Neco» экологиялық клубы қоғамдық қоры ұйымдастырды. Бұл жоба Қостанай облысы әкімдігінің «Қоғамдық даму басқармасы» ММ қолдауымен жүзеге асырылуда. «EcoZhas» жобасы аясында жастар мен еріктілер арасында экологиялық идеяларды ілгерілету көзделген. Барлығы «Таза Қазақстан» қағидатына негізделген.
Слетке Қостанай облысының 18–35 жас аралығындағы 80-ге дейін белсенді жастары мен волонтерлік қоғамдастық өкілдері қатысты. Олардың қатарында облыстың аудандары мен қалаларындағы жастар ресурстық орталықтарының өкілдері де бар.
Слеттің басты мақсаты – жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, экологиялық волонтерлікті, көшбасшылық құзыреттер мен жобалық ойлау дағдыларын дамыту. Сонымен қатар, жастардың өңірдегі экологиялық мәселелерді шешуге қатысу деңгейін арттыру да көзделіп отыр.

Іс-шара эко кәсіпорындар мен ұйымдарды аралаудан басталды. Жас эковолонтерлер экокабинет, мемлекеттік питомник, жеке питомник, «Атамекен 4+», «АгроЭкоХаб» сияқты ұйымдарды аралап шықты. Кейін олар Лисаковск қаласындағы «Алый парус» демалыс базасына бет алды.
Үш күндік бағдарлама аясында қатысушылар бірінші күні экологиялық кәсіпорындардың қызметімен танысты. Екінші күні білім беру тренингтері өткізіледі. Үшінші күні шеберлік сабақтары, командалық және жобалық жұмыстар жоспарланған.
Бағдарламаның маңызды бөлігі – экологиялық стратегиялар мен практикалық шешімдерді әзірлеуге үйрету. Қатысушылар командаларға бөлініп, өңірдегі өзекті экологиялық мәселелерді анықтайды. Олар өз стратегияларын үш күн ішінде дайындап, қорғайды.
Білім беру бағдарламасы экологиялық волонтерлік, ұқыпты тұтыну, зооволонтерлік, қалдықтарды қайта өңдеу, көгалдандыру, жаңартылатын энергия көздері, экологиялық және климаттық жобаларды қамтиды. Сондай-ақ экология мен волонтерлік саласындағы халықаралық тәжірибелер де қарастырылады.

Спикерлер мен сарапшылар ретінде республикалық және өңірлік деңгейдегі мамандар шақырылған. Олардың қатарында Окапова Асыл, Евженкова Людмила, Соловьева Ольга, Шадрина Динара, Генадий Ипатов, Жанбуршинов Азим, Жұмат Бауыржан Киікбайұлы және Татьяна Миронюк бар.
Слет аясында тимбилдингтер, спорттық және мәдени-демалыс іс-шаралары да ұйымдастырылады. Бұл командалық өзара іс-қимылды дамытуға және қатысушылар арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтуға бағытталған.
Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар өздері әзірлеген экологиялық стратегияларды таныстырады. Үздік стратегияны іске асыруға кемінде 1 000 000 теңге көлемінде қаржыландыру беріледі. Слеттің барлық қатысушыларына сертификаттар табысталады.
Үшінші күні «Нас тут не было!» экологиялық акциясы өтеді. Акция барысында қатысушылар аумақты тазалау жұмыстарын жүргізеді.
Слет Қостанай облысындағы жастардың экологиялық қозғалысын дамытуға, волонтерлік бастамаларды қолдауға және «Таза Қазақстан» қағидаттарына сәйкес жастардың экологиялық күн тәртібін іске асыруға қатысуының практикалық тетіктерін қалыптастыруға бағытталған.
