«Достық-Мойынты» желісінің екінші жолын іске қосу арқылы жүк пойыздарының жылдамдығы 87,5%-ға артады
Фото: Ақорда
Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға қатысты мақалада Time Business News журналистері теміржол инфрақұрылымын ауқымды жаңғыртуға ерекше назар аударған. Мәселен, өткен жылы құны $1 млрд-тан асатын жоба аяқталды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Атап айтқанда, ұзындығы 836 шақырым болатын «Достық—Мойынты» магистральдық желісінің екінші жолы салынды. Оның іске қосылуы бағыттың өткізу қабілетін тәулігіне 12 пойыз жұбынан 60 пойыз жұбына дейін арттырып, Қытаймен шекарадағы транзиттік тасымал үшін анағұрлым кең мүмкіндіктер ашты. Жүк пойыздарының тәулігіне орташа жүріп өту жылдамдығы 800-ден 1 500 шақырымға дейін, яғни 87,5%-ға артады.
Сол кезеңде Алматы стансасын айналып өтетін ұзындығы 75 шақырым теміржол желісі де пайдалануға берілді. Бұл жобаның мақсаты – жүк ағынын мегаполистің теміржол торабын айналып өтетін бағытқа бұру. Бұл транзиттік тасымал уақытын 24 сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Қытаймен шекара арқылы өтетін «Аягөз—Бақты» бағыты бойынша ұзындығы 300 шақырым болатын үшінші теміржол өткелінің құрылысы транзит көлемін бірнеше миллион тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.
«Қорғас – Шығыс қақпасы» құрғақ порты да маңызды рөл атқарады. Контейнерлік алаңдарды кеңейтіп, басқарудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу нәтижесінде оның қабылдау, тиеп-түсіру, жөнелту бойыншажалпы жүк көлемі 372 мың TEU-ға жетті. Бұл нысанның Орталық Азиядағы ең ірі құрғақ порт және Қытай мен Қазақстанның теміржол желілерін түйістіретін маңызды көлік торабы ретіндегі орнын нығайтты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи логистика озық цифрлық шешімдерді талап ететінін бірнеше рет атап өтті. Осыған байланысты көлік экожүйесін толық цифрландыру жұмыстары әлемнің озық тәжірибесіне сәйкес жүргізілуде.
